Маңызды мәселелер айтылған салмақты сұхбат болды - Мәншүк Мұқашева
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, халықаралық Еуразиялық телевизия және радио академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты Мәншүк Мұқашева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты туралы пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info.
Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ел алдында тұрған маңызды міндеттерді астын сызып атап өтуі тегін емес. Себебі, қазір барға тоқмейілсіп отыратын уақыт емес. Алда атқарылуы тиіс шаруа шаш етектен... «Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз. Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда-ақ айқындалады»- деді Президент. Мемлекет басшысы ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастыратынын жеткізді. Көзді ашып-жұмғанша 2023 жыл да зымырандай зулап өте шықты. Енді 2024 жылға аяқ басып отырмыз. Биыл елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға – Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді,- деді ол.
Мәншүк Мұқашева өз сөзінде, қазақстандықтарды Президент айқындап берген міндеттерді бірге орындауға шақырды.
«Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Олай болса, қазір бәріміз де етек-жеңімізді жинап, алда атқарылуы тиіс жұмыстарға жұмыла кірісуіміз керек. Сайран салып жүруге уақыт жоқ. Ендеше, барлық отандастарымды Президент айқындап берген стратегиялық мақсаттар мен маңызды міндеттерді бірге орындауға шақырамын!,- деді ол.