«Мәселе аздап бақылаудан шыққан»: Ермек Көшербаев «Бағанашылдағы» жағдайға қатысты айтты

24 шілде, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Мәселе аздап бақылаудан шыққан»: Ермек Көшербаев «Бағанашылдағы» жағдайға қатысты айтты
Скриншот видеодан: YouTube.com/Prime_Minister_kz

Бүгін Үкіметте өткен баспасөз конференциясында БАҚ өкілдері Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа  Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оқу-ағарту министрі балаларды көшіру-көшірмеу туралы бұрын келіссөздер жүргізілгенін айтты.

«Тіпті мен басқарма басшысын, әкімнің орынбасарын сөйлесуге шақырдым. Алгоритм жасалған болатын. Осылайша проблеманы шешкен едік. Бірақ соңғы сәттегі оқиғаны комиссия тексереді. Оның қорытындысын күтейік. Кейін қай жерде дұрыс шешім қабылданбағаны білінеді деп ойлаймын. Проблемаға комиссияның қорытындысы бойынша баға беру дұрыс деп есептеймін», - деді Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ бұл сауалға Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та жауап берді.

Ол министрдің берген жауабын «шенеуніктің құрғақ жауабы» деді.

«Расында, егер шенеуніктің тілімен айтқанда, бәрін дұрыс айтып отыр. Шындығына келгенде, жағдай былай. «Жмурки» фильмі естеріңізде ме? Онда «Жағдай шиеленісіп кетсе, кері шегін» дейді. Мұнда жай ғана коммуникацияны дұрыстап, істі аяғына дейін жеткізу қажет еді. Менің түсінгенім, бұл мәселе аздап бақылаудан шыққан. Себебі әкімнің айтқаны бойынша, балаларды дәл сол күні дәл сондай жағдайда басқа жаққа көшіреді деп күтілмеген. Оның үстіне мен бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Динара Закиевамен сөйлестім. Ол «әкіммен кездесіп, сөйлесеміз» деді. Егер әкімдік құзіретті органдармен дұрыс коммуникация жүргізгенде мұндай жағдайдың алдын алуға болатын еді. Бұл балалар ресми түрде Алматы қаласының тұрғындары емес. Олар республиканың әр аймағынан келген. Заң бойынша бюджет облыстан бөлінеді. Сондықтан мәселені көктемде яғни басталған кезде шешу керек болатын», - деді Ермек Көшербаев.