00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған қазақстандықтарға 182 млрд теңге жәрдемақы төленді

19 мамыр, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған қазақстандықтарға 182 млрд теңге жәрдемақы төленді
ашық дереккөз

Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 182 млрд теңге төленді, деп хабарлады Elorda.info Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 162 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 19,9 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.

1 мамырдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 533,4 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 195,6 мың адамды құрайды.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ға өсті.

Мысалы, 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 77 889 теңгені, 2-топ үшін – 62 068 теңгені, 3-топ үшін – 42 190 теңгені құрайды.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша 89,3 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 58,4 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Үкіметінің шешімімен олардың мөлшері 8,5%-ға ұлғайтылды.

Бүгінгі таңда еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 33 337 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 34 384 теңгені құрайды.