Мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға 379,8 млрд теңге жәрдемақы төленді
Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 338 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 41,8 млрд млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды, деп хабарлады Elorda.info.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 538 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 186 мың адамды құраған.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ға өсті, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орташа есеппен 14,5%-ға қосымша арттырылды.
Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 89 248 теңгені, 2-топ үшін – 71 398 теңгені, 3-топ үшін – 48 681 теңгені құрайды, - делінген министрлік ақпаратында.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Биылғы 8 айдағы жағдай бойынша 95,1 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 61,4 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.