Әлеуметтік нан қымбаттамайды – вице-министр
Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - стратегиялық міндет. Сәйкесінше әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, соның ішінде нан бағасының тұрақтылығын сақтау – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ал биыл егіннің бітік шықпауына байланысты нан бағасының өсуі мүмкін бе? Бұл сауалға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жауап берді, деп хабарлады Elorda.info.
Егін көлемі өткен жылдан аз болған жағдайда да қамбадағы астық қоры жеткілікті. Сондықтан мұны қауіп етпеуге әбден болады. Ал нанның бағасы, алдыңғы жылдардан бері тұрақты. Биыл да нанның бағасын өсіруге негіз жоқ. Оған қоса нарықтағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары қадағаланып тұрады. Мәселен, оған бірінші сортты ұн және одан жасалған нан, яғни әлеуметтік нан жатады. Әрі біз әлеуметтік нан өндіру үшін арзандатылған ұнды өңірлерге жөнелтеміз отырамыз, - деп жауап берді БАҚ өкілдерінің сұрағына Азат Сұлтанов KazAgro-2023 халықаралық көрмесінің аясында.
Вице-министрдің айтуынша, жоғары сортты, глютенсіз, түрлі қоспалары бар нандар, сол сияқты круассандар, тоқаштар тәрізді кондитерлік өнімдердің бағасын мемлекет реттемейді. Бұл жерде өндіруші бағаны нарыққа бейімделе отырып белгілейтінін айтты.