Үкімет лудоманиямен күрестің жаңа шараларын қабылдайды
Қазақстанда лудоманиямен күрес бойынша бірқатар жаңа шара қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжілісте өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлады Elorda.info.
Үкімет басшысы соңғы жылдары лудомания (ойынға тәуелділік) үлкен мәселеге айнала бастағанын атап өтті.
Ажырасулардың 40%-ы осы себептен болатынын көріп отырмыз. Лудомания қазір ажырасу себептері арасында маскүнемдік пен нашақорлықтан кейін 2-ші орынға шығып отыр. Бұл үлкен проблемаға айналды, — деді Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет лудоманияға қарсы күреске бағытталған тиісті нормаларды әзірледі.
Бірінші кезекте, бұл – букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салу. Екінші, құмар ойындарына қатысуға рұқсат беретін жас деңейін 25 жасқа дейін көтеру. Сондай-ақ борышкерлердің, алимент төлемегендердің және банктік несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалардың бірыңғай реестрінде тұрғандардың ойындарға қатысуына тыйым салу қарастырылған, — деді Премьер-Министр.
Оның сөзінше, осы және басқа да шаралар Қазақстандағы лудомания мәселесінің шешімін табуға бағытталған.
Расымен лудомания жаппай белең алып кетті. Тиісті нормаларды заңнамаға енгізу мерзіміне келетін болсақ, бұл Парламенттің қаншалықты жылдам қабылдауына байланысты. Жақын арада деп ойлаймын, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.