«Күміс жас» жобасы бойынша 3,2 мыңнан астам адам оқыды
«Күміс жас» жобасы аясында 50 жастан асқан қазақстандықтарға жаңа дағдыларды игеріп, одан әрі жұмысқа орналасу үшін Skills Enbek платформасында тегін оқуға мүмкіндік берілді, деп хабарлады Elorda.info.
Платформада арнайы бөлім екі ай бұрын іске қосылды, осы уақыт ішінде оған 4,5 мыңнан астам адам тіркелді, оның 3,2 мыңы оқуды сәтті аяқтап, сертификат алды.
Курстан өткені туралы сертификат алынған барлық дағдылар көрсетіліп, Enbek.kz жұмысқа орналастыру порталындағы түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Жұмыс беруші өзіне қажетті жұмыс іздеушінің түйіндемесінде қолда бар сертификаттар мен алған дағдыларын көреді.
Мүгедектігі бар азаматтардың жеке көмекшісі болғысы келетіндер және мүгедектігі немесе созылмалы ауруы бар отбасы мүшесімен бірге еріп жүретіндерге арналған кәсіптік курстар осы санаттағы азаматтар арасында көбірек сұранысқа ие, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында.
Сонымен қатар, жобаға қатысушылар «Тамақтану» бағыты бойынша «Аспаз», «Наубайхана ісінің негіздері» және «Кондитерлік шеберхана» курстарында, «Ауыл шаруашылығы» саласында – «Үйрек, қаз өсіру», «Құс шаруашылығы», «Жылыжайларда лимон өсіру» курстарында оқуды жөн көреді. «Қаржы және есеп» бағыты бойынша азаматтарды «Сақтандыру агенті», «Кассир» және «Бухгалтер» сияқты курстар қызықтырады.
Естеріңізге сала кетейік, Skills Enbek платформасындағы «Күміс жас» қосымша парағында ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, маркетинг және туризм, ақпараттық технологиялар, энергетика сияқты бағыттар бойынша 130-дан астам курс бар.