«Көмек сұраудан қорықпаңыздар!»: ІІМ балаларға үндеу жасады


Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен балаларға үндеу жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Құрметті қазақстандықтар! Ата-аналар мен балалар!
Балалық шақты қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Балалар – біздің тірегіміз, елдің болашағы. Олардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі және де Ішкі істер министрлігінің басты міндеті.
Бұл бағытта нақты шаралар қабылдануда. Ювеналды полицияның жұмысы күшейтілді. Патруль нарядтары білім ұйымдарына жақын қойылды. Әкімдіктермен бірлесіп, мектеп маңындағы жол инфрақұрылымын жақсартудамыз», - деді деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Заңнама жаңа талаптарға сай пысықталуда. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар үшін жауаптылық күшейді. Буллинг пен қудалауға қарсы құқықтық шаралар енгізілді. Сенім телефондары арқылы балалар мен ата-аналар кез келген уақытта көмек ала алады.
«Бүгінде көптеген жасөспірім қоғамға қызмет ету жолын таңдауда. Мектептерде «Жас сақшы» полиция сыныптары ашылып жатыр. Онда балалар жастайынан заңды меңгеріп, жауапкершілікке үйренуде. Бірқатары ерікті түрде жобаларға қатысып, тәртіптің сақталуына үлес қосуда. Бұл – нағыз патриотизмнің белгісі. Біз оларды мақтан тұтамыз.
Дегенмен де ата-ананың қамқорлығы мен ұстаздың қолдауын ештеңе алмастыра алмайды. Отбасы мен мектеп – баланың алғашқы алтын ұясы. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздардың балаларға әрдайым жақын болып, көңіл бөлуі маңызды.
Ал, балалар, сіздерге айтарым – көмек сұраудан қорықпаңыздар! Полиция – сіздердің қорғандарыңыз! Біз сіздер қауіпсіз ортада өмір сүру үшін қызмет етеміз.
Балалық шақтарыңыз қуанышқа, ал болашақтарыңыз жарқын сәттер мен мүмкіндіктерге толы болсын!» - деді Қ.Сұлтанбаев.



