Ішкі істер министрі депутаттың пранкшыларды жазалау туралы ұсынысына жауап берді


Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың сауалына орай, әлеуметтік желідегі әдепсіздік пен пранкшылардың әрекетіне қатысты жауап берді, деп жауап берді Elordainfo.kz.
«Жалған куәліктерді, кісендерді және басқа да арнаулы құралдарды қолдана отырып, құқық қорғау органдарының нысанына жасырынған адамдардың қатысуымен сахналау («пранктер») жағдайлары бұзақылық, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын билік өкілі немесе лауазымды адам атағын өз бетінше беру не өзге де әкімшілік немесе қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде саралануы мүмкін. Әрбір осындай оқиға бойынша тексерулер жүзеге асырылады, заңнамада белгіленген шаралар қабылданады», – деп жауап берді ішкі істер министрі.
Ержан Сәденов депутаттық сауалда айтылған деректер егжей-тегжей зерделенетінін, тиісті ақпарат бейінді мемлекеттік органдарға берілгенін және айтылған ұсыныстар ескерілетінін айтты.
Айта кетейік, депутат Мақсат Толықбай Ішкі істер министрлігіне желідегі пранкты шектеу қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдаған болатын.



