Елордалық волонтерлер із-түзсіз жоғалған адамды қалай іздейді?
Қайтып оралмады. Әдетте із-түзсіз жоғалған жандардың оқиғасы осылай басталады. Түрлі себеппен үйге қайтып келмегендер жайлы ақпараттың көптігі қоғамды алаңдатады. Елордалық еріктілер де мұндай хабарға бей-жай қарамайды. Осы орайда Elorda.info тілшісі «Волонтёры Астаны Lider.kz» қоғамдық қозғалысының негізін қалаушы Айзада Жүсіповадан ел аман, жұрт тынышта түрлі себептермен із-түзсіз жоғалғандарды іздеуге көмектесіп жүрген волонтерлер жұмысы жайлы егжей-тегжейлі сұрап білді.
Еліміз бойынша Lider.kz қозғалысы жоғалған адамдарды іздестіру жұмысына белсене қатысады. Ал «Волонтёры Астаны Lider.kz» волонтерлер тобы 2016 жылы құрылған. Айзада Жүсіпованың мұндай шешімге келуіне кішкентай қыздың жоғалып кетуі себеп болған.
Мен волонтерлікке 2016 жылы келдім. Оған сол жылы 10 мамырда Нұра өзені жағасында 1 жас 8 айлық кішкентай қыздың жоғалып кетуі себеп болды. Әдеттегідей жұмыста едім, бала жоғалғаны туралы естігенде қатты уайымдай бастадым. Іздеу жұмыстары болып жатқан жерді анықтап, 11 мамырда көпшілікпен бірге баланы іздеуге кірістім. Бірақ арада 11 күн өткен соң ғана сәбидің тек денесі табылды. Табылған кезде барлығымыз есеңгіреп қалдық. Сол уақытта басымнан өткен оқиғалар елордада із – түзсіз жоғалған адамдарды іздестіру бойынша өз қозғалысымызды құруға себеп болды,- дейді Айзада Жүсіпова.
Lider.kz қозғалысына Республика бойынша 2 мыңға жуық волонтер мүше. Ал елордалық топта 80-ге жуық волонтер бар. Олар мұғалім, журналист, шаштаразшы, прокуратура қызметкері сияқты түрлі сала мамандарынан құралған.
Қозғалыс жетекшісі бізге хабарсыз кеткен адамдарды іздеудегі өз әдіс-тәсілдерімен бөлісіп өтті.
Бізге полициядан немесе жоғалған адамдардың туыстарынан хабарлама түседі. Әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығатындар да бар. Егер жоғалған адам бала, егде жастағы қария немесе қандай да ауруға шалдыққан адам болса , онда бірден іздеуге шығамыз. Ал орта жастағы, дені сау адам болса, ол кезде алдымен жан-жаққа адам жоғалғаны туралы ақпарат жіберумен айналысымыз. Сондай-ақ жоғалған адам туралы ақпараттың рас екенін білу үшін жақындарымен байланысқа шығамыз. Осылайша іздеу жоспарын құрамыз. Біз жоғалған адам соңғы рет болған жерді штаб деп атаймыз. Сол жерге волонтерле жиналып, аймақты іздеу жұмысын бастайды. Егер ешқандай нәтиже болмаса онда тұтас қала іші мен сыртын қамтимыз. Бізге жақынын жоғалтып алған кез келген адам тікелей көмек сұрай алады. Біздің байланыс нөмірлеріміз интернетте қолжетімді және әлеуметтік желімізде жазылған,- дейді ол.
Волонтерлер қозғалысының жүргізген статистика бойынша елордада соңғы 11 айда 298 адам жоғалған. Айзада Жүсіпованың сөзінше, адамдардың жоғалу көрсеткіші жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп отырады екен.
Біздің байқағанымыздай, Астана және Алматы қалаларында адамдар көп жоғалады. Олардың із-түзсіз кетуіне жыл мезгілдеріне байланысты деп айтуға болады. Мәселен жазда күн жылы, адамдардан өзен-көлге жиі барады. Сондай кезде ата-аналар көз алдарындағы балаларынан көз жазып қалып жатады. Егер денсаулығында қандай да бір ауытқушылық бар адам болса, іздеу кезінде жағдай қиындай түседі. Соңғы 8 жылдағы статистиканы қарасақ, тек 2020 жылы ғана бұл көрсеткіш төмендеді. Оған әрине коронавирус себеп болды. Себебі сол уақыттарда барлық адамдар көп уақыттарын үйлерінде жақындарының қасында өткізгенін білеміз. Ал, 2022 жылы жоғалған адамдар саны қайта көбейе бастады. Былтыр елордада 320 адам жоғалса, биыл жыл басынан бергі 11 айда 298 адам жоғалған,- дейді Айзада Жүсіпова.
Қозғалыс жетекшісінің айтуынша, елордада іздеу жұмысына орта есеппен 30-40 волонтер жұмылдырылады. Олардың жұмыс істеу жоспары нақты белгіленген. Бірі әлеуметтік желілерде адам жоғалғаны туралы хабарлама жіберсе, ал басқалары жаяу іздеуге кіріседі. Кез келген кәмелет жасына толған волонтер іздеу жұмысына қосыла алады.
Адамды іздеу - күрделі процесс. Әсіресе із-түзсіз жоғалған жандардың нендей қиындыққа тап болғанын топшылау қиын. Сондықтан да волонтерлермен қатар, бұл міндетті құқық қорғау мен төтенше жағдай қызметкерлері де теңдей атқарады.
Орта есеппен 30-40 адам іздеу жұмысына ат салысады. Егер бұл күш жетпей жатқанда қосымша волонтерлерді шақырамыз. Балаларды іздеу өте қиын және ауыр. Әсіресе балада психикалық ауытқу болса іздеу тіптен қиынға түседі. Олар өздерін қорғауды білмейді. Сондай-ақ адамдармен сөйлесуден қорыққандықтан өз өміріне одан бетер қауіп төндіруі мүмкін. Ал дені сау бала жоғалған жағдайда қасында кетіп бара жатқан адамға жоғалғанын айтып, өзін қорғау әрекетін жасайды. Сондықтан да оларды іздеген кезде тез әрекет етіп, әрі аман-сау күйінде табылуына бар күшімізді саламыз,- дейді ол.
Айзада Жүсіпова іздеу жұмысына қатысқан волонтерлер бейнебақылау камерасы арқылы бақылап отыратын мүмкіндік болса деген ойын ортаға салды. Бұндай мүмкіндік біріншіден волонтердің жеке басының қауіпсіздігін қадағалауға жағдай жасайды.
Бірінші кезекте волонтер қауіпсіздік ережелерін білу керек. Өйткені іздеу жұмысы күрделі бағыт болғандықтан волонтерлердің өзі қауіпке түсіп жатады. Сондықтан да біз оларға алдын ала үйрету сабақтарын өткіземіз. Қалай өзің ұстау керек, қалай киіну керек, адам іздегенде қандай құрал болу керек екенін айтамыз. Әрине әрқайсысында бейнебақылау камерасы болғанын қалаймыз. Штаб үйлестіруші әрбір волонтерді бейнебақылау камерасы арқылы қарап отырса жақсы болар еді. Бірақ оған қаржылық мүмкіндік жоқ. Біз барлық жұмысты тегін жасаймыз, демеушіміз де жоқ,- дейді қозғалыс жетекшісі.
Волонтерлер адамдарды іздеу кезінде көп күш жұмсаумен қатар, егер өлі табылған жағдайда психологиялық сынаққа ұшырайды. Тіпті болған оқиға қатты ауыр тиген болса, волонтерліктен бас тартып жататын жағдайлар да кездесіп жатады екен.
Көп жағдайда егер іздестіріліп жатқан адам тірі табылмаса, волонтерлер оқиғаны моральдық тұрғыдан көтере алмай жатады. Мұндай жағдайда қозғалыстан кетіп, бірақ кейін араға жылдар салып қайтып оралған волонтерлеріміз бар. Қанша жерден тез әрі тірі табылғанын қаласақ та, іздеу жұмысы қайғылы жағдаймен аяқталатын кездер көп. Олардың жақындарының уайымын көрген соң, еріксіз жүрекке ауыр тиеді. «Іздеу жұмыстары аяқталды, бірақ, өлі табылды» деген ақпарат біз үшін өте ауыр,- деп түсіндірді спикер.
Сұхбат барысында Айзада Жүсіпова волонтерлік жолында өзіне қатты әсер еткен оқиғаны еске алды.
Естеріңізде болса, 2019 жылы елорда іргесінде 13 жасар Бақдәулет Әмірхан жоғалып кеткен еді. Тек төрт күннен кейін ашық қалған құдыққа түсіп, қайтыс болғаны белгілі болды. Осы оқиға маған өте қатты әсер етті. Біз Бақдәулетті тірі күйінде табамыз деп соңына дейін үміттендік. Соған сендік, алайда... Жалпы, оны іздеуге Астанадан ғана емес, бүкіл Қазақстаннан хабарласып, ниет білдіргендер көп болды. Біз 10-15 адамнан топ-топқа бөлініп іздедік. Әрқайсымыз белгілі аумақ бойынша қарап тексердік. Ақпанда қар қалың жауып, қатты жел болды. Арнайы техникасыз жүргендіктен, адамдардың киімдері небәрі 10 минуттың ішінде дымқылданып кетіп жатты. Қар деген кеудеден келеді. Оның үстіне ашық жатқан құдықтар өте көп. Іздеу барысында сондай құдықтардың ішіне еріктілердің өздері де құлап кеткен жағдайлар болды.
Бірақ біз оны тірі таба алмадық. Баланың анасына хабар жеткізген кезде өте ауыр болды. Оның қазасы туралы қаралы хабар іздестіру жұмысына қатысқан барша жұрттың, соның ішінде волонтерлердің де қабырғасын қайыстырып кетті. Бәріміздің жанымызға батты, көзімізге жас алдыртты. Содан кейін біраз уақыт күйзелісте жүрдім. Қанша уақыт өтсе де мен әлі ол күнді ұмытпадым және есіме түскенде оқиға кеше ғана болған сияқты көрінеді,- деді ол.
Соңғы сандық деректерге сүйенсек, елімізде 10 748 адам іздеуде, олардың 2 176-сы хабар-ошарсыз кеткен. Із-түзсіз кетудің жолы да, себебі де сан түрлі. Әр адамның өмірі, тағдыры мен денсаулығына жауапты болу – ауыр міндет. Елордалық волонтерлер мұндай кезде әр минутты құнды екенін жақсы біледі.