Елордада жыл басынан бері 59 бала терезеден құлаған

Бүгін, 13:23
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views59
Елордада жыл басынан бері 59 бала терезеден құлаған
Фото: freepik.com

Астанада жыл басынан бері балалардың пәтер терезесінен құлауына байланысты 59 оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, оның 16-сы адам өлімімен аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елордада полиция қайғылы оқиғалардың және балалардың жарақат алу жағдайларының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде.

Мемлекеттік органдармен бірлесіп, көпқабатты үйлерді аралау, халық көп жиналатын орындарда – саябақтарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, сондай-ақ өзге де қоғамдық кеңістіктерде тұрғындармен әңгімелесу, жадынамалар, буклеттер мен парақшалар тарату ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері осындай 100-ден астам іс-шара өткізілді.

«Күн сайын учаскелік инспекторлар ақпараттық жадынамаларды көпқабатты үйлердің ортақ чаттарына жолдап, ата-аналар мен мектеп чаттарында профилактикалық ескертпелер орналастырады. Бұған қоса, терезеден құлаудың алдын алу жөніндегі жадынамалар тұрғын үйлердің кіреберістеріне, емханалар мен балалар мекемелеріне ілінеді», - делінген хабарламада.

Полиция ата-аналарды балаларды үнемі қадағалауға және терезеден құлаудың алдын алуға арналған техникалық құралдарды орнатуға шақырады. Тіпті қысқа уақытқа сыртқа шығу алдында да терезенің жабық екеніне көз жеткізіңіз. Терезе құлыптарын орнатыңыз, москит торларын мықтап бекітіңіз және балалардың ашық терезе жанында ойнауына жол бермеңіз.

Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау, ересектердің қырағылығы мен жауапкершілігі – балалардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі.