Елорда әуежайында жолаушылардан 5 мыңнан аса тыйым салынған зат тәркіленді
Астана әуе айлағының авиациялық қауіпсіздік қызметі жолаушыларды тексеру кезінде 5177 тыйым салынған зат тәркіледі. Оның ішінде, 124 бірлік суық және газ қаруы, 66 бұрыш қосылған спрей мен электрошокер, 7 кастет, қару тектес 582 зат, 65 оқ-дәрі, 44 жарылғыш зат, 24 улы, коррозиялық және басқа да заттар бар, деп хабарлады Elorda.info ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ жолаушылардан 72.8 литр тез тұтанатын сұйықтықтар және әуе кемелерінде тасымалдауға шектелген 4264 ықтимал қауіпті зат табылды. Көбінесе бұл балға, балта, тесу және кесуге арналған құралдар.
Бұдан басқа багажда және қол жүгінде декларацияланбаған ірі ақша сомаларын алып жүру жағдайлары анықталып, ҰҚК және ҚР ҚМ МКК уәкілетті қызметтеріне жіберілді.
Өз кезегінде қауіпсіздік қызметі жолаушылардан 2 мыңнан астам атыс қаруы мен 67 780 оқ-дәріні тәркілеген.
Астана әуежайында 2015 жылдан бастап рандомайзер функциясы бар аркалы металл іздегіштер пайдаланылады. Аталған құрылғылар жолаушылардың 10%-ын автоматты түрде және кездейсоқ тәртіппен таңдайды.
Егер құрылғы тексеру барысында сигнал берсе, жолаушы рентген-теледидар қондырғысы арқылы жеке тексеру үшін аяқ киімін (құрамында металл заттар болмаса да) шешіп, тексеруден өтуі керек. Сонымен қатар тексеру қызметкерлері жолаушының қол жүгін мұқият тексеріп, әр затты тексеруге міндетті.
Осыған байланысты жолаушылар барынша түсіністік танытып, әуежай инспекторларының заңды талаптарын орындаулары қажет. Тексеруден жалтарған жолаушылар «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға сәйкес тасымалдауға жіберілмейді.