Елімізде TOR жол қауіпсіздігінің бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды


Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық платформа – TOR әзірленіп, қолданысқа енгізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүйе елдегі жолдарда болып жатқан барлық оқиғаларды нақты уақыт режимінде жинақтап, реттеп көрсетіп отырады. Платформа ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған бірыңғай «цифрлық терезе» ретінде жұмыс істеп, жол жағдайын ұлттық деңгейде басқаруға, талдауға және үйлестіруге мүмкіндік береді.
Бұл жоба – Мемлекет басшысының барлық бақылау камераларын және тану жүйелерін біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіретін ұлттық «Қауіпсіз қала» платформасын құру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған алғашқы қадам.
«TOR – бұл бүкіл ел ауқымында жол қауіпсіздігін басқаруға арналған заманауи құрал. Жүйе тек заңбұзушылықтарды жедел тіркеп қана қоймай, ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала болжап, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі», – деді Ішкі істер министрлігінің Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы Сергей Варго.
TOR платформасы деректерді төрт негізгі көзден жинақтайды: қалалар мен тас жолдардағы стационарлық кешендерден, патрульдік полицияның мобильді бекеттерінен, дрондардан және өзге де қосылған жүйелерден. Жүйе өңірлер, оқиға түрлері және уақыт кесіндісі бойынша талдау жасап, апат жиі болатын нүктелерді анықтауға, қауіпті жүргізушілерді тіркеуге, сондай-ақ үзіліссіз сегіз сағаттан артық көлік жүргізіп отырған тұлғаларды бақылауға мүмкіндік береді.
«TOR – әртүрлі дереккөздерден ақпарат жинап, жол жағдайының толық картинасын қалыптастыра алатын әмбебап цифрлық орта. Платформаның архитектурасы бастапқыда Қазақстанның ерекшеліктерін ескеріп жасалды және жағдайға оңай бейімделеді. Бұл барлық жол қауіпсіздігіне жауапты тараптарға арналған бірыңғай жұмыс стандартын қалыптастырады», – деді Sergek компаниясының бас директоры Евгений Ким.
Жаңа платформаның басты ерекшелігі – деректерді біріктірудің бірыңғай стандарты, оқиғаларды орталықтандырылған визуализациялау мүмкіндігі және бір қаладан бүкіл республика деңгейіне дейін кеңейту әлеуеті. TOR архитектурасы Big Data және BI-талдау технологияларын қолдануға дайын.



