Елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 4,2%-ға өсті
Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Республикалық штаб отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Elorda.info Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев атап өткендей, жыл басынан бері ӘМАТ бағасының өсімі 4,2%-ды, ал мамыр айының қорытындысы бойынша 0,7%-ды құрады. Биыл бұл көрсеткіш бойынша Астана (6,1%), Шығыс Қазақстан облысы (5,3%) және Жетісу облысы (5,3%) антилидер болды. Пияз, қырыққабат, күріш және сәбіздің бағалары барынша қымбаттады, ал қарақұмық, қант, күнбағыс майы мен ұнның бағасы төмендеді.
ҚР СИМ инфляция деңгейін 2 есеге төмендету мақсатында ӘМАТ бағасының өсуіне барынша әсер ететін азық-түлік тауарларын өндірушілерді қолдауға бағытталған жаңа тәсілді әзірледі. Бұған сиыр еті, күнбағыс майы мен сары май, күріш, қант және көкөністер жатады. Бүгінгі таңда 78 негізгі өндіруші анықталды. Жаңа алгоритм шеңберінде әрбір тауарға – өндіру мен сақтаудан бастап сатуға дейін бағдарланған тәсіл қамтамасыз етіледі.
Премьер-министр жалпы, тек мамыр айының өзінде ғана қырыққабат 22,3%, сәбіз 10,8%, пияз 9,6%, картоп 6,6%-ға қымбаттағанын атап өтті. Бұл жергілікті жерлердегі маусымдық кезеңде нарықты көкөністермен қамтамасыз ету жұмыстарының тиімсіздігін көрсетеді.
Сондай-ақ ол Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан үйлестіру жұмыстарының әлсіздігін атап өтті.
Бағаны тұрақтандыру үшін нарықта ұсыныс үнемі көп болуы тиіс. Мысалы, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер ақпан-наурыз айларында Тәжікстанмен пияз сатып алу мәселесін пысықтай бастады. Алайда, оны пияздың бағасы 10%-ға дейін өсіп кеткен уақытта, яғни мамыр айында ғана сатып алды. Тауарды тиімді бағамен алатын мүмкіндікті қолдан шығарып алдық. Әр өңір өз ерекшелігін біледі, сондықтан өндірушілермен алдын-ала меморандумдар бекітуі керек, - деп атап өтті Премьер-министр.
Үкімет басшысы ӘМАТ бағасын тежеу жөніндегі жаңа алгоритмнің толыққанды іске асыруды және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен келісім-шарттардың уақытылы жасалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ тиімсіз делдалдарды анықтап, оларды жою жұмыстарының сапасын арттыруды және сауда үстемелеріне бақылауды күшейтуді тапсырды.