Динара Зәкиева Абай облысында өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларымен кездеседі
Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып жаңадан тағайындалған Динара Зәкиева facebook-парақшасында жазба жариялап, Абай облысына сапармен барып, өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларымен кездесетінін айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгін Мемлекет басшысы мені Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының маған артқан сенімі үлкен жауапкершілік деп білемін.
Бұл - балалық шақты қорғау, отбасыларды қолдау саласындағы жағдайды жақсартуға таптырмас мүмкіндік. Бұған бар күш-жігерімді саламын.
Қазір жекеме сұрақтар мен ұсыныстар келуде. Ұсыныстарыңыздың барлығын да қарастырамын деп уәде беремін. Әрдайым ашықпын. Осы жерге жеке телефон номерімді қалдырамын. (тел: 8 705 884 70 40) Өтініш, хабарламаны жазба түрінде тек уатсапқа қалдырсаңыздар. Міндетті түрде жауап беремін, - деді ол.
Осы орайда Динара Зәкиева бүгін эвакуацияланған балалармен кездесу үшін Абай облысына жол жүретінін айтты.
Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккен отбасыларға жәрдемақы тағайындау, балаларды оқыту мәселесі бойынша арнайы тапсырма берген болатын.
Бүгін өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің балаларымен және эвакуациялық пункттердегі балалармен кездесу үшін Абай облысына барамын.
Бала баршамызға ортақ. Бала - бақытымыз. Баланың құқығын қорғау әрқайсымыздың міндетіміз.
Әрбір бала ата-анасының бүгінгі жағдайына қарамастан бақытты болуға лайықты. Менің жұмыстағы басты ұстанымым осы, - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.