Дәулет Мұқаев: Адам өлімі – бизнеске айналды

Бүгін, 14:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Дәулет Мұқаев: Адам өлімі – бизнеске айналды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметінен

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «Ашық алаң» бағдарламасында ысырапшылдыққа қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.    

«Астананың Бас мешіті мен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беретін болсаңыз, адам басына 20 мың теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз! Адам өліміндегі ас емес, той жасайтын дастарқан! Минималды баға 7 мың теңге. Бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелесіз. Бұл бизнес болмағанда не? Мысалы Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарқанда тек 7-ақ ас түрі болады. Одан басқа мәзір жоқ! Ұсынбайды! Неге бас қалада, басқа аймақтарда осылай болмайды?

Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан сайын соққы болып отыр.

Ысырапшылдықтың алдын алу неге мешіттерден басталмайды?!» - деп жазды Instagram парақшасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда қайтыс болған адамның жетісін, қырқын, жылын өткізуге шектеу енгізілгендігін жазған болатынбыз.