Былтыр онлайн-платформаларда суицидті насихаттаған 88 дерек анықталды
Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған «Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» Заң жобасына қосымша консультативтік құжатында жазылған, деп хабарлады Elorda.info.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Талдау және ақпарат орталығы» жүргізген мониторинг нәтижесінде былтыр онлайн-платформалардан мына құқық бұзушылықтар анықталды:
- азаматтардың дербес деректерін заңсыз тарату – 100 факті;
- суицидті насихаттайтын ақпаратты тарату – 88 факті;
- басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ақпаратты тарату – 147 факті;
– кәмелетке толмағанның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дербес немесе биометриялық деректерді, өзге де ақпаратты тарату – 21 факті.
2021 және 2022 жылдардағы деректерді салыстыра отырып, тарату бөлігінде анықталған құқық бұзушылықтар санының артқанын байқауға болады. Мәселен, 2021 жылы суицидті насихаттайтын ақпараттар туралы 28 факті анықталса, былтыр мұның саны 88-ге жетті. Ал, 2021 жылы басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ақпарат таратқан 27 жағдай белгілі болды. Өткен жылы мұндай құқық бұзушылқтар саны – 147. Кәмелетке толмағанның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дербес және биометриялық деректер, өзге де ақпараттарды заңсыз пайдалану бойынша 2021 жылы 5 факті анықталды. Ал былтыр 21 жағдай, - делінген құжатта.
Министрлік дерегінше, бұл мәселелердің себебі - заңнамалық базасы бар онлайн-платформалар мен онлайн-жарнамалардың даму динамикасы арасындағы алшақтық, онлайн-қылмыстың таралуына қарсы күресте қазақстандықтардың тиімді әрекет етпеуі.
Құжат 26 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.