Бізде су бар, тек стансалардың қуаты жетпейді – сарапшы
Адамзат тұрмысына қажетті таза суды тұтыну көлемі жылдан-жылға артып келеді. Әлемде 1,4 миллиардтан астам адам таза суға зар болып, қолына түскен суды ішуге мәжбүр. Ал 2025 жылға қарай мұндай адамдардың үлесі әлем халықының 40 пайызын құрайды деген болжам бар. Мұхиттардан алыс орналасқан біздің елімізде су мәселесі бұрыннан бар екені белгілі. Ел астанасы да бұл мәселеден алшақ емес. Өткен аптадан бері қала тұрғындарына қажетті су қысымы белгілі бір уақытпен берілетін болды. Бұл қашанға дейін жалғасады? Су тарифы көтеріле ме? Жеке үйлерде бау-бақша суару маусымы қалай өтпек? Бұл туралы Elorda.info тілшісі жан-жақты анықтап көрді.
Жер шарының 70 пайызы судан тұрады. Жалпы көлемі 360 млн текше шақырым болғанымен, оның адамзат қажетіне жарайтын 30 млн текше шақырым судың 25 млн текше шақырымға жуығы Арктика мен Антарктиданың мәңгі мұздықтарында жатыр. Ал біздің елімізде таза судың қоры 539 текше шақырымды құрайды. Оның 95 текше шақырымы су қоймаларында болса, қалғаны ел аумағындағы көл мен өзен, жер асты мен таулар басындағы мұздықтарда шоғырланған.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Астана тұрғындары тәулігіне 318 мың текше метр ауызсуды тұтынады. Ал стансалар 305 мың текше метр суды ғана тазартып отырады. «Астана су арнасы» мекемесінде жетекші инженер-технолог болып жұмыс істейтін Жанна Досжанова су қысымын төмендету барысында тұрғындарды ауызсуды қажетті мөлшермен қолдануға шақырады.
Бүгінде қаламызда екі сорғы-сүзу стансасы бар. Тағы да бір стансаның құрылысы жүріп жатыр. Су қысымын төмендету шарасында тұрғындар «судың да сұрауы бар» екенін түсінсе дейміз. Кейде суды тым ысыраптап қолданамыз. Әрбір қала тұрғыны суды жеткілікті мөлшерде қолданса, айтарлықтай тапшылық болмайды. Ал жаңа станса тамыз айында қосылады. Оның толық қуаты – 105 мың текше метр. Ол қала тұрғындарының артуына байланысты тапшылықты жоя алады. Қазір қалада су тарифы 54,2 теңге. Алдағы уақытта су бағасы өзгеретіні белгісіз,- дейді технолог маман.
Ал сарапшы Бауыржан Сералин елордадағы су тапшылығы судың аздығынан емес, оны қамтамасыз ететін сорғы-сүзгі стансаларының қуаты жетпеуінен екенін айтады.
Бізде су бар, тек стансалардың қуаты жетпейді. Жаңа сорғы-сүзгі стансасы іске қосылғанша бұл мәселе ушыға бермек. Енді не істеуге болады? Бұрынғы қала басшылығын жамандап отыра беруге болады. Ол сөздердің де жаны бар. Кезінде қала инженерлік жүйелерінің қуаттылығына болжам жүргізілменгені анық. Бірақ бұл проблеманы техникалық шешу жолымен іздестіру керек. Жаңа салынған көпқабатты (9-қабаттан асатын) үйлердің жобалық-сметалық құжаттамасында су сорғысы орнатылуы көзделген. Ол қаладағы жаңа үйлердің көбінде бар. Қазіргі күннің өзінде Астанадағы бірнеше үй су қысымының төмендетілуіне байланысты осындай құрылғылар орнатып жатыр. Бұл сумен қамтамасыз етуді оңтайландырғанымен, оның теріс жағы да жоқ емес. Сорғы орнатылған тұрғын үй қалалық құбырдағы су мөлшерінің көбін өзіне тартып алып, көрші тұрған көппәтерлі үйлерге судың жетпей қалу жағдайын туғызады. Мысалы, қазіргі күні құбырда қысым төмендетілді, егер қосымша сорғы орнатылса, онда су мүлдем жетпей қалады. Заң тұрғысынан сорғы орнату үшін арнайы рұқсат алудың керегі жоқ, оған тыйым салуға немесе басқаша реттеуге заңды негіз жоқ. Алайда бұл жағдай дәл осы Астанада өзі тапшы болып отырған суға қолжетімділіктің теңсіздігін туындатуы мүмкін, - дейді сарапшы.
Жақында бау-бақша суару маусымы басталады. Қалада су тапшылығы «сезілмей» тұрғанда да, суару маусымында көпқабатты үйлерде су қысымы төмендейтін. Енді қала бойынша судың жоғары қысымы белгілі уақытпен берілетін шақта бау-бақша отырғызатын тұрғындар қайтпек?.. «Астана су арнасының» мамандары суару маусымында бақшаны ауызсумен емес, басқа суару тәсілін қолдануға кеңес береді. Жыл сайын бақшасына көкөніс түрлерін отырғызатын Көктал шағын ауданының тұрғыны Роза Асқарова бау-бақшаны ауызсумен ғана суаратынын жеткізді.
Біздің жақта кәдімгі ауызсудан басқа су жолы жоқ. Сондықтан да жылда, амал жоқ, бау-бақшаны осылай суарамыз. Ал қала маңындағы дачаларда арнайы Есіл өзенінен берілетін су жолы бар. Олар тұрмыстық суды қолдана алады. «Су арнасы» қысымды төмендеткенімен, тұрғындар қысым жоғарлығанда запас су толтырып алатыны белгілі ғой. Жазда көкөністер мен жемістерді суару қиын болайын деп тұр. Ол кезде қала тұрғындарына қазіргіден гөрі көп мөлшерде су керек болады. Бар үмітіміз жаңа стансада болып отыр, - дейді қала тұрғыны.
Жуырда қала әкімі Жеңіс Қасымбек кәсіпкерлермен кездесті. Шаһар басшысының сөзінше, үшінші су стансасы іске қосылған соң, төртінші станса құрылысы жоспарлануда. Бүгінде елордада 1,3 миллион тұрғын бар, ал құрылыс кезеңінде 1,5 миллион адамға жетеді. Яғни жыл сайын қала тұрғындарының саны 80 мыңға дейін артып келеді. Ал БҰҰ сарапшыларының белгілеген нормасы бойынша қалаға 1 адам қосылса, ондағы судың жылдық қоры 1700 текше метрге артуы тиіс.
Бізде жарықты бостан-босқа сағаттап жағып қоятын, суды сарылдатып ағызып қоятын пәтер тұрғындары аз емес. Қала басшылығы стансалар орнатып, оның қуаттылығын арттыра беретіні анық. Алайда үнемдеу үшін тіршілік нәрінің бағасы көтерілсе, «судың да сұрауы бар» екенін түсінетін сияқтымыз...