Биыл Отбасының цифрлық картасы арқылы қанша адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді
Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 75 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды., деп хабарлады Elorda.info.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 5,8 мың адам пайдаланды.
Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.
Сондай-ақ, Отбасының цифрлық картасы арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылды.
Бұрын хабарланғандай, Отбасының цифрлық картасы – бұл әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.
Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет.