Биыл мүгедектігі бар адамдар 320 мыңнан астам қызмет түрін алды
Жыл басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 253,5 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 7,5 мың – ымдау тілі қызметін, 25,5 мың – жеке көмекшінің, 37,2 мың – санаторлық-курорттық емдеу қызметін алған, деп хабарлады Elorda.info.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінгі күні порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 856 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 468 ОТҚ жеткізуші, 27 мыңнан астам жеке көмекші, 699 ымдау тілі және 104 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.
Айта кетейік, порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.