Биыл 734 мың қазақстандық жұмыспен қамтылды – Смайылов
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды, деп хабарлады Elorda.info.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жыл басынан бері барлық облыс әкімдері Ұлттық жобалар, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары, жұмыс берушілер ұсынатын бос жұмыс орындары және жұмыс күшінің ұтқырлығы бағдарламалары шеңберінде халықты жұмыспен қамтудың нақты шаралары бекітілгенін хабарлады.
Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша және т.б. жұмыспен қамтылған азаматтардың 45%-ын жастар құрайды. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі 2 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды.
Еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындары арқылы 228 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Олардың 62%-ы ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Тұрақты жұмысқа жіберілген азаматтардың 46%-ы – жастар.
ҚР Президентінің әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі бастамасы аясында 278 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылды. Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына шамамен 181 мың адам жіберілді. Сонымен қатар жастарға бизнес-жобаларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар беру үдерісі жалғасын тауып отыр.
Премьер-Министр атап өткендей, Үкімет алдында биыл 1 млн-ға жуық адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Қазіргі таңда жалпы 734 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың жартысы – жастар.
Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсеткіштердің бәрі орындалуы тиіс, — деп атап өтті ол.
Жалпы, әр өңірдің өзінің жұмысқа орналастыру жоспары бар. Онда әрбір өңірдегі еңбек нарығының ерекшеліктері ескерілген. Бұл ретте Премьер-Министр жастарды еңбекке тарту ісіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Премьер-Министр бүгінде жұмыспен қамту орталықтары облыстық Еңбек ұтқырлығы орталықтары болып қайта құрылғанын еске салды. Жалпы, аталған орталықтар жұмыстарын біршама жаңғыртып, қайта ұйымдастырды.
Енді Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы орталықтар арқылы жұмысқа орналастыру жүйесіне мониторинг жүргізу механизмін жетілдіруі тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар электрондық еңбек шарттарының жасалуына ерекше назар аудару қажет, — деп атап өтті ол.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы өңірлерде құрылып жатқан жұмыс орындарының сапасын арттыру қажеттігін, атап айтқанда, мемлекеттік қолдау аясында ғана емес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвесторлар арқылы да қамтамасыз ету, бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін жүйелі түрде өткізу және Астанада іске асырылып жатқан «Жолтап» пилоттық жобасын үлгі ретінде пайдалану, сондай-ақ жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету шараларын күшейтуі тиіс екенін атап өтті.