Биыл 2 миллионнан аса отбасы әлеуметтік төлемдер алады
Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін министрлік мынадай бағыттарда жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Біріншіден, ана мен баланы әлеуметтік қолдау ескерілген. Биыл әлеуметтік төлемдер 2 миллионнан аса отбасыға беріледі, оған 1,2 триллион теңге қаржы жұмсалады, - деді Т. Дүйсенова.
Осы жылдың І тоқсанында оны алушылардың жалпы саны 435 мың адамнан асты. Оның ішінде жұмыс істемейтін 93 мың ана жәрдемақыны республикалық бюджеттен, ал жұмыс істеген 343 мыңнан астам адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленіп жатыр.
Мұндай төлемдерді биыл дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1-ге толмаған балалары бар 760 мың отбасы алады деп жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа 334,5 миллиард теңге көзделген, - деді министрдің міндетін атқарушы.