Бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады
Елімізде әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушылары мектеп асханаларында тегін тамақтанады, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қыркүйектің 1-нен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыруды ұйымдастыру жоспарлануда,-делінген ведомство таратқтан ақпаратта.
Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, ең жоғары баға Алматы қаласында 800 теңге болып тұр.
Алдыңғы жылдары 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6% құрады. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді, осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізілетін болады, - деп бөлісті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Дана Мақтаева.
Бүгінде министрлік мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатқанын айтты.