Алматыда 10 мың орын тапшы: министр жатақхана мәселесі туралы айтты

Бүгін, 13:07
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Алматыда 10 мың орын тапшы: министр жатақхана мәселесі туралы айтты
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметте өткен баспасөз брифингінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Министрлік құрылғанда яғни 3 жыл бұрын 82 мыңнан астам жатақхана төсек-орны тапшы болған. Осы уақыт ішінде біз оны 10 мыңға дейін қысқарттық. Сондықтан қазіргі таңда тапшылық тек Алматы қаласында қалды. Бүкіл күшімізді қазір Алматы қаласына салып жатырмыз. Осы 3 жылда тарихымызда болмаған ауқымды жатақханалар іске қосылды.

Мысалы, былтыр Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде 1200 төсек орынды жатақхана,  биыл ЕҰУ-ға 2656 төсек орынды жатақхана қосылды.  Келесі жылы Алматыда 4280 төсек орынды ең үлкен жатақхана беріледі. Сондықтан қазір Алматы қаласында 10 мыңға жуық жатақхана тапшы. Ал Астанада жыл соңына дейін жатақханалар толыққанды тапсырылады. Мәселен, бүгін түстен кейін Астанада тағы бір кезекті жатақхананы қала әкімімен ашамыз», - деді министр.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек Алматыда биыл жатақханасыз қалған студенттердің жағдайы қалай шешілетінін айтты.

«Алматылық университттер жетпейтін төсек-орындарға жекеменшік хостелдермен келісім шартқа отырады. Бұл жұмыс – біздің бақылаумызда. Арнайы коммиссия бар. Олар хостелдерді 3 рет тексереді. Оқу жылының басында, ортасында және соңында. Ал жаздық демалыста олар жөндеуден өтеді. Ол да тексерістен өтеді. Сондай-ақ өрт қауіпсіздікгі шарттары күшейтілді. Жаңа оқу жылына дайынбыз», - деді Саясат Нұрбек.