Елімізде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың саны артты
2022 жылдың соңындағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 281 ұйым. 2021 жылы олардың саны 272 болған еді, деп хабарлады Elorda.info.
281 ұйымның 172-сі – стационарлық үлгідегі ұйым, 75-і – жартылай стационар, 31-і – уақытша қабылдайтындар. Сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бірнеше шарттары бар 3 ұйым бар.
Тіркелген ұйымдардың ең көп саны Шығыс Қазақстан облысында – 31, ең азы Ұлытау облысында – 3.
2022 жылдың соңында осы ұйымдарда тұратындардың саны 40 321 адамды құрады, оның ішінде зейнет жасындағылар – 13 624 адам (33,8%), Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектері – 14 адам (0,03%).
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдарда тұратындардың негізгі контингенті – мүгедектігі бар адамдар. Олардың саны – 24 724 адам немесе қызмет алушылардың жалпы санының 61,3%-ы, - делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.
Айта кетейік, 245 мекеме мемлекеттік меншікте болса, 36-сы жеке меншікте (оның ішінде шетелдік меншікте – 4).
Бүгінде Қазақстанда Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған 48 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді, онда 5 756 адам тұрады. 2021 жылы 53 қарттар үйі жұмыс істеді, онда 7 321 адам тұрды.
Әлеуметтік мекемелерге балалар мен ересектерге арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелер, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған үйлер және тәулік бойы тұруға арналған өзге де ұйымдар, сондай-ақ мүгедектігі барларға арналған оңалту орталықтары, күндізгі болу аумақтық орталықтары және т. б. жатады.