Астана музейлер дирекциясы 9,5 млн теңгеге жалған келісімшарт жасасқан
Астана қаласының ішкі мемлекеттік аудит департаменті Астана бірлескен музейлер дирекциясының мемлекеттік сатып алудың конкурстық рәсімдерін елемей, жалған шарт жасасқанын анықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Астана қаласының ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудиторлық шара кезінде «Астана бірлескен музейлер дирекциясы» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнында мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізген кезде 9,5 млн теңгеге макеттерді әзірлеу және реставрациялау жөнінде жалған келісімшарт жасалғанын анықтады.
Жалған тапсырыс орындаушының мәліметі бойынша, өз мұндай келісімшарттың бекітілгенінен хабарсыз да болған және кәсіпкерлік қызмет көрсетумен айналыспаған. Ал банк картасын танысына уақытша берген. Оның шотына 10 млн теңгеге жуық қаражат аударылғанын кейін ғана білген, - деп жазылған Мемлекеттік ішкі аудит комитетінің ресми сайтында.
Аудит жасаушылар осыған ұқсас бірнеше келісімшартты тексеріп жатыр.
Сырттай қараған кезде кәсіпорында макеттер бар екені белгілі болды. Бірақ оны кім осынша сапасыз етіп, арзан материалдан әзірлегені белгісіз. Алайда макеттерді кім әзірлегені белгісіз болғанымен, цех жұмысшылары оларды реставрациялағандарын жазбаша негізде растап отыр.
Бірлескен музейлер дирекциясының кәсіпкерлік қызмет көрсетпейтін жеке тұлғалармен макеттер әзірлеп, реставрациялау туралы өзге де келісімшарттары бар. Бұл келісімшарттар бойынша аудиторлық айғақтарды жинау әлі басталған жоқ. Келісімшарт бойынша мемлекеттік тапсырысты орындаушылардың өзге облыстардың шалғай елді мекендерінде тұрып жатқаны мәселе туындатып отыр. Тіпті олардың кебйірі айтарлықтай егде жаста.
Бюджет кодексінің талаптары бойынша, квазимемлекеттік секторы нысаны ақылы тапсырыстың заңға сәйкестігі мен негізділігіне, жүргізілген операцияның шындыққа сәйкестігіне жауап береді. Материалдар Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласының экономикалық тергеу департаментіне процессуалдық шешім шығару үшін жолданды, - делінген ведомствоның мәліметінде.