00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

3 мыңнан астам адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алды

13 маусым, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
3 мыңнан астам адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алды
Оңалхан Оңерхан

Жыл басынан бері 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 3 600 грант берілді. Биыл барлығы 9 000 грант беру жоспарлануда, деп хабарлады Elorda.info.

 

15 мамырдан бастап 26 мамырға дейін гранттардың екінші легі аясында өтінімдер қабылданды. Бүгінгі таңда үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия өз жұмысын аяқтады, келісімшарттарға қол қою және грант алушыларға қаражат аудару процесі жалғасуда.

Гранттардың екінші легі шеңберінде үміткерлерден барлығы 26,9 мың, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 16,1 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 4,8 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 3,3 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 1,3 мың өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған 1,1 мың адам, 91 қандас және 272 қоныс аударушы өтініш берді.

Өтінімдердің ең көп саны Түркістан (6,1 мың) және Жамбыл (3,1 мың) облыстарының (6,1 мың) және Шымкент қаласының (2,9 мың), ең аз саны Ұлытау (210) және Ақмола (324) облыстарының үміткерлерінен келіп түсті, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында.

Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.

Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.