00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Дулат Исабеков Қазақстанның №1 драматургі ме?.. (ВИДЕО)

31 наурыз, 2023
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
Дулат Исабеков Қазақстанның №1 драматургі ме?.. (ВИДЕО)
ашық дереккөз

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасының премьерасы өтті. Қойылым басталмай тұрып Elorda.info тілшісі қаламгермен жүздесіп, аз-кем сұхбаттасқан болатын. 

- Дулат аға, режиссер Шәріп Бейсембаев 1975 жылы үлкен экранға алып шыққан фильм, енді, міне, театрда сахналанып жатыр. Жалпы, қандай сезімде отырсыз? – деп сұрадық драматургтен.

Алғаш сахналанып отырған соң толқып отырмын. Повесть ежелден белгілі. 1967 жылы әскерде жүріп жазған шығармам. «Жұлдыз» журналында жарияланды. Кітап болып шықты. Шәріп Бейсембаев кино етіп түсірді. Сахналауға болады деп ойлаған жоқпын. Әр жанрдың өз табиғаты болады ғой. Сахнаға жарайтын дүние не жарамайтын дүние деген секілді.

Бірде Алматыға театр директоры Асхат Маемиров келіп, сценарийді оқытып, «Гауһартас» шығармасын театр сахнасына қоюды сұрады. Басында күдіктенгенім рас. Бірақ сендірді. Міне, енді бала-шағамызбен 11 адам болып келіп отырмыз, - деді Дулат Исабеков.

- Сіздің пьесаларыңыздың әлем сахнасын шарлап жүргенін білеміз. Алайда сұхбаттарыңыздың бірінде «Шетелде бізде әдебиет, драматургия бар екеніне күдікпен қарайды» депсіз. Әлі де осы пікірдесіз бе?

«Боже мой! Что за не грамотный вопрос?!»

Обязательно! Әлі күнге дейін күдікпен қарайды. Мәселен, Аустралия Қазақстанды білмейді. Саясаткерлер, кәсіпкерлер білуі мүмкін, бірақ қарапайым халық біздің елімізді білмейді. Оны былай қойғанда, мынау тұрған Оңтүстік Корея да білмейді. «Мұрагерлер» драмасын апарғанда көргенбіз.

Сен шетелді айтасың, іргедегі Санкт-Петербургің Қазақстанды білмейді. М. Булгаков туралы жазылған «Сети дьявола» пьесам қойылған күннің ертесінде баспасөз конференциясы болды. Малышевский, академик Голлер және мен қатыстым. Сонда бір журналист сұрақ қойды: «Неужели казахская драматургия выросла до такой степени, что она была поставлена петербургским театром» дейді. Бірақ Малышевский қатты айтып тастады. «Хватит, в конце концов! Вот такие вопросы... Сами ничего не знаете! Казахская литература никак не уступает русской литературе! Даже некоторые моменты лучше». «Почему вы взялись за русскую тематику. Булгаков – русский писатель». Содан сөйлей бастап едім, Малышевский сөзімді тағы бөліп жіберді. «Боже мой! Что за не грамотный вопрос?! Надо радоваться что в далеком Казахстане написал на тему Булгакова казахский писатель. Напишите пожалуйста, об Абае, о Мухтар Ауезове, Сакен Сейфуллине. Казахи взяли бы вас на руках. А вы говорите вот так...» деп жауап берді. Міне, 300 жыл қатар өмір сүрген Петербургің да білмейді бізді...  

- Бірде шетелдік журналистер «Нобель сыйлы­ғына лайықты жазушы Қазақстанда бар ма?» деп сұрағанда сіз Әбіш Кекілбаев, Тө­лен Әбдік пен Бексұлтан Нұржекеұлын атапсыз. «Өзіңізді ұсынасыз ба?» дегенде «Әзір­ге ондай ойым жоқ. Осы үшеуінің бі­реуі алған соң ойланамын» деген екенсіз.

Иә, BBC журналисі сұраған. Оған Муракамидің сөзімен жауап бердім. Ол «Нобель сыйлығын алдымен Кэндзабуро Ое, Кобо Абэ, Кадзуо Исигуро алсын, сосын көре жатармыз» деген ғой. Мен де солай жауап бердім. Исигуро алды. Енді Муракамидің кезегі келіп тұрған шығар...

«Бөрте» бар күш-жігерімді алып қойды

- Қателеспесем, осы кезге дейін 28 пьеса жазыпсыз. Бірақ «Бөртеден» кейін қолға қалам алмаған сияқтысыз. Әлде прозаға қайта ауыстыңыз ба?..

«Бөрте»-мен тоқтаған сияқтымын. Бүкіл күшімді сарқып алып кетті. Бұдан кейін ештеңе жазғым келмей қалды. «Бөртенің» деңгейіне жету қиын сияқты. Сосын менің 81 жаста екенімді ұмытпаңдар. Тақырыптар көп. Бір романым аяқталмаған күйі жатыр. Өткенде оқып шықсам, жақсы роман болатын түрі бар. Әттең, күш-жігерім болса деймін. Бізде, қазақта романистика әлі күнге дейін ескі дәстүрде жазылып келе жатыр. Әрбір автор әрбір шығармасында өзін қайталамауы керек! Және қазіргі роман қандай болуы керек?.. Баяғыша баяндау ма?.. Оңай сюжеттер ме?.. Жоқ. Қазір заман басқа, форма да, кейіпкерлер де басқа, қазіргі адамның ойлау қабілеті де, мінезі де, диалогы да басқа. Біздің заманның адамдарымен салыстыра алмайсың...

- Сонда ондай шығармалар дүниеге келмеген бе?.

Ондай шығарма жоқ. Соны жазып бітірсем деп жүрмін. Жақында ауруханадан шықтым, енді тағы жатып қалмасам, сол романға кіріссем деп отырмын. Біраз пьеса жаздым ғой. Ол жанрдың маған өкпесі жоқ шығар. Шығарма санмен өлшенбейді ғой. Дегенмен 7-8 пьесам шетелдердің театрларында қойылып жатыр. Жаман емес қой? Басқа кім бар?.. - деп күлді Дулат Исабеков.

Драматургтің лексиконында «білмеймін» деген сөз болмауы керек

- Өзіңіз айтпақшы, «жауынгер» жанрға жас қаламгерлер де қалам сілтеп жүр. Олардың дүниелері көңіліңізден шыға ма?

Оларды қадағалап оқып жүрмін деп айта алмаймын. Өйткені жазған пьесаларын маған әкеп бермейді. «Қазақ әдебиеті» газетінен бір жігіттердің сұхбатын оқып қалдым. Онда «жаңалық әкелеміз, жаңалық әкелеміз» дейді. Бірақ қандай жаңалық әкелетіндерін түсінбей-ақ қойдым. Жалпы сөз…

Жаңа пьесалар жазылып жатқан сияқты. Өзім драматургиядан сабақ беремін ғой. Сонда студенттерге «бір актілі пьеса, скетч жазып келіңдерші» деймін. Оқимын. Сосын оларға «сендер неге біз сияқты жазасыңдар?! Мынау біздің стиль ғой. Сендер қазір 21-22 жастасыңдар. Басқаша жазыңдар. Замандарың басқа, диалогтарың басқа, лексикондарың басқа, тіпті махаббатарың да басқа. Мен түсінбейтін бірдеңе жазып келіңдерші» деймін, - деп күлді қаламгер. - Көп оқыңдар! Бұл - жаттанды сөз емес. Драматург болудың қиындығы сол, мұның лексиконында «білмеймін» деген сөз болмауы керек. Білімді адамның жазған шығармасы мен білімсіз адамның шығармасы қандай болады? Мысалы, неге Мұхтар Әуезовтің әңгімелері классика да, Сәбең - Сәбит Мұқановтың шығармалары оған жете қоймайды? Өйткені Сәбең Рабфакты бітірген. Мұхаң Ленинградта оқыған...

«Жас қаламгерлер» деп өзің сұрадың ғой. Менің Қолғанат Мұрат деген шәкіртім бар. Пьесалары Әуезов тетрында қойылып жүр, Көкшетауда да сахналанды. Бүгінгі күні театрларда жүріп жатқан «Орбұлақ шайқасы» тарихи драмасының сценариін жазды. Әзірге осындай үш-төрт шәкіртім бар.

- Өзіңізді №1 драматургпін деп есептейсіз бе?

Ел солай деп айтып жүр ме екен?..

- Онысын білмедім. Өзім сұрап отырғаным ғой…

«Назарбаевтан қатты ұрыс естіп қалдым...»

Оны енді сендер айтыңдар. Өзің ойла, шетелдерде пьесаларым жүріп жатса... Мельбурн, Болгария театрлары шығармаларымды сахналап жатса... Түркия, Санкт-Петербург театрларын шарлап жүрсе... Осы кезге дейін бірде-бір пьесам сахналанбай қалған жоқ. Баяғыда бір ағаларым бір пьеса жазып, он шақты арыз жазатын. Қонаевқа, министрлерге шағымданатын... – деп жауап берді Дулат Исабеков.

- Соңғы сұрақ, Дулат аға, Төлен досыңыз осында ғой, Астанаға көшіп келу ойыңызда жоқ па?.. – Қаламгерге сынай қарадық.

Әй, жоқ! Қартайған шағымда қайтем Төленге ұқсап?!.. Астананың ауа райына шыдай алмаймын. Төленге бәрібір, бәріне шыдай береді... – деп күлді. - Баяғыда Назарбаев 6 жазушыны жинап алып, Астананы мақтап 2 сағат сөйледі. Сонда «Нұреке, жақсы жерге концлагерь салмайды. Екіншіден, астанада ит байласа тұрмайды» деп едім, қатты ұрыс естіп қалдым. «Сонда біз кімбіз?!» деген еді ол.  

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Ғани АТЫМТАЙ