Әскери оқу орындарына құжаттар қабылдау қашан басталады
Әскери институттарға түсуге ниет білдіргендер тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органы басшысының атына 30 сәуірге дейін өтініш беруі қажет. ҚР ҚМ әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, генерал-майор Жұмабек Ахметов әскери жоғары оқу орындарына түсу кезеңдері туралы айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Генерал-майордың айтуынша, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, ҰБТ-ның 5 пәні бойынша кемінде 50 балл жинаған, оның ішінде бейіндік пәндердің біреуі бойынша кемінде 7 балл және қалған пәндердің әрқайсысы бойынша кемінде 4 балл жинағандар 15-20 шілде аралығында әскери институтқа құжаттарын тапсыра алады.
Қабылдау кезеңінде талапкерлер әскери институттардың аумағында орналасады және жабдықтау нормалары бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі. Азаматтарды әскери оқу орындарына қабылдау мынадай тәртіппен жүзеге асырылады: I кезең – кәсіптік-психологиялық іріктеу; II кезең – әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес түпкілікті медициналық тексеру; III кезең – дене дайындығын тексеру; IV кезең – конкурстық іріктеу және қабылдау, - деді Ж.Ахметов.
Конкурстық іріктеумен қабылдау комиссиясы айналысады және оқуға түсушілердің ең жоғарыдан ең төменге дейінгі балдарының рейтингін жасайды. Рейтинг әскери институттың қабылдау комиссиясының хаттамасында ресімделеді.
Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдау жылының 6 тамызы сағат 10.00-ге дейін жарияланады және әскери институттың интернет-ресурсында жарияланады.