00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалықтар қоқысты сұрыптауға неге енжарлық танытады

Елордалықтар қоқысты сұрыптауға неге енжарлық танытады
ашық дереккөз

Кез келген адам тұрмыстық қалдықты қоқыс жәшігіне салады, бірақ әрі қарай қандай процес жүретіні жайлы ойлана бермейді. Бір тәулікте тау болып жиналатын қоқыс ішінде тамақ қалдықтары, қағаз бен пластик және түрлі қалдықтар аралас жиналады. Ал халық көп шоғырланатын жерде көше мен ауа тазалығын сақтау өте маңызды. Осы орайда Elorda.info тілшісі елордалықтарды экология мәселесі қаншалықты толғандыратыны жайлы жазды.

Экология саласындағы сандық деректер

Биыл Қазақстан «Жасыл» өмір үшін үздік 78 ел ішінде рейтингте 72-орынды иеленді. ТМД елдері арасында Қазақстанға қарағанда Ресей, Беларусь және Әзербайжандағы жағдай жақсы. Рейтингтің төмен көрсеткіштеріне қарамастан, елімізде қоршаған ортаны қорғауға инвестиция 115,9 млрд-тан 118,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Тамыз айында Премьер-министр Әлихан Смайлов халық саны 10 мыңға дейінгі елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары салынатынын айтқан еді. Ал жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізілуге тиіс.

Елімізде жыл сайын 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Қалдықтың басым бөлігі зауыттарда жиналады, сол себепті шағын және орта бизнес кәсіпорындарында қоқыс сұрыпталып немесе қайта өңделеді. Ресми деректер бойынша 3,2 мың полигонда 125 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жинақталған. Жыл сайын Қазақстанда 5 млн тоннадан астам қоқыс жиналады. Полигондардың экологиялық стандарттарға сәйкес келмеу салдарынан қоқысты қайта өңдеу деңгейі өте төмен. Қайта өңдеу үлесін арттыру жолын қала сыртында, иесіз далада бей-берекет заңсыз төгілетін қоқыстар тежейді.

Елордада қоқыс қалай жиналып жатыр?

Қаланың кіреберісіндегі Алаш тас жолында орналасқан полигон қоқысты сұрыптаса да, онда қайта өңдеуге жарамды қалдықтардың үлесі аз. Полигонның бас инженері Александр Дручинин тонналап жиналатын қоқыстың көбі қайта өңдеуге жарамайтынын айтты. Оның айтуы бойынша, бір жерге жиналған қоқыс ішінде жарамды қалдықтар өз сапасын жоғалтады.

Полигон қызметкерлері жүк көліктері әкелген қоқысты реттейді. Қайта өңдеуге жарамды қағаз, шыны, пластик және т.б. қалдықтарды жеке жинайды. Бірақ қала тұрғындары қоқысты бөлек жинауға әлі де қызығушылық танытпай келеді. Оған біздің полигондағы жарамсыз қоқыстардың үлесі дәлел бола алады. Ал кәсіпорын өкілдері тапсыратын қалдықтар бөлек жиналып келеді, - дейді бас инженер.

Қоқыс полигонда жеке қоқыс түрлері жиналып, нығыздалады. Кейін қоқыс өңдеу зауытына жіберіледі. Кәсіпорын пластик өнімдерін сұрыптап, дайын шикізат та жасайды. 

Астаналықтар қоқысты сұрыптауға асықпайды

Елімізде 2020 жылы коммуналдық қалдықтарды жинаумен және шығарумен айналысатын 625 кәсіпорын болса, 2021 жылы олардың қатарына тағы 50 компания қосылды. Біздің есептеуімізше, Астана қаласында қоқыс жинау бойынша 20-ға жуық кәсіпорын қызмет көрсетеді. Оның ішінде 3 мекеме қоқысты жеке сұрыптау және өңдеу жұмыстарын жүргізеді.

«Clean City» кәсіпорнында 2018 жылдан бастап қоқысты бөлек жинау бойынша жоба іске қосылған. Қоқыс дымқыл және құрғақ болып екіге бөлінеді. Бүгінде қала бойынша 6 276 сары түсті сұрыптау контейнері қойылған. Кәсіпорын жылына 300 мың тоннадан астам қалдық шығарады. Жыл мезгіліне байланысты күніне 700-ден 1100 тоннаға дейін қоқыс шығарады. Компания өкілінің мәліметінше, жеке контейнерлер қойылғанымен, сұрыптау деңгейі төмен. Себебі қала тұрғындары қайта өңдеуге жарамды емес қалдықтарды да арнайы контейнерлерге салады. 

Елордадағы «LS Astana» кәсіпорны 7 жыл бойы макулатура, пластик, тұрмыстық заттардың қалдықтарын, алюминий және шыны сияқты қайта өңдеуге жататын қалдықтарды жинаумен және қайта өңдеумен айналысып келеді. Компания сұрыптау контейнерлеріне қарағанда қалдықты қабылдау пункттерін ашуды ұстанады. Компания директоры Айжан Мырзағалиева қаланың сол жағалауында қабылдау пунктін ашуды көздеп отыр.

Жуырда елордада Қошқарбаев даңғылы, 44 мекенжайында қала бойынша 6-шы қабылдау пункті ашылды. Барлық пункттер, Астана қаласының оң жағалауында орналасқан. Бірақ қала тұрғындары тарапынан сол жағалауда да пункт ашу туралы өтініштер келді. Біз әлі ойластырып жатырмыз, - дейді компания директоры.

Кәсіпорын сұрыптауға жататын тұрмыстық қалдықты жинағаннан кейін қайта өңдеу зауыттарына жібереді. Мысалы, түрлі-түсті пластикалық бөтелкелер Петропавл қаласындағы Green Park қайталама полимерлерін өңдеу зауытына жөнелтіледі. Орташа есеппен бір қабылдау пунктін толтыруға 2 күн кетеді. Қайталама шикізаттың әрбір түрі жиналады, ішінара сол жерде сұрыпталады. Бір қабылдау пункті орта есеппен айына 3 тонна қайталама шикізатты жинай алады.

Елордадағы сұрыптау кәсіпорындарының жұмысы тікелей тұрғындарға байланысты екені белгілі. Ал елордалықтар қоқысты сұрыптауға асықпайды.

Әлемдік тәжірибе не дейді?

Дамыған елдердің көбінде тұрмыс қалдықтары әжептәуір табыс көзі және әлеуметтік жауапкершілік. Қоқысты сұрыптау бойынша Еуропа елдерінің тәжірибесі мол әрі ауқымды. Елдерде қоқыстарды пайдаға асыру ісі жолға қойылған. Еуропа тұрғындарының өзін-өзі сыйлайтын кез келген азаматы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап алмай жатып қоқыс жәшігіне тастамайды. Мұны еуропалықтар қоршаған ортаның тазалығы үшін және табиғи ресуртарды үнемдеу үшін істеп отыр.

Германия

Германия – қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізген алғашқы елдердің бірі. Қалдықтарды сұрыптаудың алғашқы тәжірибесі 1980 жылдары басталды. Көшелерде қоқыстың әртүрлі түрлеріне арналған контейнерлер пайда болды. Германия азаматтары дұрыс емес контейнерге тасталған қоқыс үшін 30 еуродан бастап, ал істен шыққан техниканы аулаға шығарғаны үшін 2500 еуроға дейін айыппұл төлейді. Бүгінде елдегі барлық қоқыстардың 80%-ы электр энергиясын алу үшін қайта өңделеді.

Швеция

Шведтер қоқысты бөлек жинауды 1990 жылдардың соңында бастады. Avfall Sverige қалдықтарды басқару қауымдастығының мәліметтері бойынша, Швецияда тұрмыстық қалдықтардың 99%-ы қайтадан өңделеді. Бұл мөлшердің жартысы электр қуаты мен жылуды алу үшін жоғары технологиялық зауыттарға беріледі. Елдегі балабақшаларда дене шынықтыру және музыкамен қатар «Қоқысты қайта өңдеу» пәні пайда болды. Қоқысты дұрыс шығармағаны үшін айыппұл қарастырылған.

Жапония

ХІХ ғасырда жапондықтар пайдаланылған қағазды өңдей бастады, ал алғашқы қоқыс өрттейтін зауыт Токиода 1924 жылы салынды. Алайда азаматтарды қоқысты сұрыптауға міндеттейтін заңдар тек 1990 жылдары пайда болды. Бүгінгі таңда Жапонияда қоқыс төрт фракцияға бөлінеді — жанғыш, жанбайтын, өңделетін және үлкен. Әр фракция белгіленген күн мен сағатта қатаң түрде алынады. Сұрыптау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төленеді. Ал өндірушілерге әр қаптамада оны қалай жою керектігі туралы егжей-тегжейлі нұсқаулар беруге міндеттелді.

Қоқысты қайта өңдеу әрқашан өзекті болады. Біреу бұл туралы ерте ойланып, алғашқы қадамдарды жасады, ал енді біреуі әлі күнге дейін не үшін қажет екенін түсінбейді. Қалай болғанда да, сұрыптау біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болуы керек.

АҚШ

Америка экологиялық проблемаларға ерекше мән береді.  Бұл елде әр сағат сайын 2,5 миллион пластик шөлмек тасталады екен. Ал олардың әрқайсысының толық шіруі үшін 700 жыл қажет. Қазір елдің Нью-Йорк сияқты ірі қалаларында тұрмыстық қалдықтарды жою бойынша ауқымды мемлекеттік бағдарлама қолға алынған.

Көрші елдерде жағдай қалай?

Ресейліктердің 32 пайызы қоқысты сұрыптап, оны әртүрлі контейнерлерге тастайды. Қырғызстан астанасында күн сайын 1000 тонна қоқыс жиналады және бұл көрсеткіш жыл сайын 20%-ға артып келеді. Қытайлықтар жылына 400 млн тонна қоқыс шығарады. Қытайда адамдарды танитын камералардың күрделі жүйесі бар, сондықтан қоқысты бейберекет лақтырып, айыппұлды төлемеу мүмкін емес. Түрікменстанда жеке қалдықтарды жинау қызметімен Ussat kömekçi жеке кәсіпорны айналысады. Қызмет декреттегі аналар, іскер және бос емес адамдар арасында, сондай-ақ денсаулығына байланысты сыртқа шыға алмайтындар арасында танымал бола бастады.

Сіз тұрмыстық қалдықты сұрыптайсыз ба?

Elorda.info желілік басылымының Telegram парақшасында қоқысты сұрыптау бойынша сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға қатысқан елордалықтардың 43 пайызы қоқыстың барлығын бір жерге жинап шығарады екен. Ал 43 пайызы сұрыптауға жарамды қоқыстарды бөлек жинайды. Тек елордалықтардың 14 пайызы аулада арнайы жәшіктердің жоқтығынан қоқысты бөлек жинамайтынын айтты.

Адамзат барда еш уақытта таусылмайтын қор – қоқыс. Бірақ пакетке оңды-солды салынған түрлі санаттағы тұрмыс қалдықтары қала шетіне барып үйіліп жатқанынан залал көп келеді. Басынан дұрыс жиналмаған қоқыс қайта өңделетін шикізат ретіндегі құндылығын жояды. Сондықтан қала тазалығы мен тұрғандары үшін жасалған арнайы қоқыс орындарына тиісті қалдықтарды тастауға үйренуіміз қажет. Тек солай ғана елорданың тазалығын сақтай аламыз.

Айта кетейік, ҚР Экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап полигондарда мына қалдықтарды көмуге тыйым салынды: пластмасса, пластик, полиэтилен және полиэтилен қалдықтары-терефталат орамасы, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, шыны, түсті және қара металдардың сынықтары.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ