Елдегі психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес кабинеттері 92-ге жетті
Қазақстанда 92 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК) кабинеті жұмыс істейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің басқарма басшысы Ардақ Айтжанова мәлімдеді, деп хабарлады Elorda.info.
Елімізде 460-тан астам арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Атап айтқанда 44 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 208 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 92 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК), 14 оңалту орталығы, 10 autism-орталығы бар. Бұдан бөлек, мектептерде 640-тан астам инклюзияны қолдау кабинеті мен 1 600-ден астам логопедиялық пункт қызмет көрсетеді, - деді Орта білім комитетінің басқарма басшысы Ардақ Айтжанова.
ПМПК, түзеу кабинеттері мен оңалту орталықтарын көбейту мақсатында министрлік заңнамаға өзгерістер енгізіп, жаңа нормативті бекітті. Осының нәтижесінде ПМПК кабинетін ашуға қойылатын талап жеңілдеп, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға мемлекеттік тапсырыс тетігі енгізілді.
Бұған дейін 60 мың балаға бір ПМПК ашылса, енді 50 мың балаға бір ПМПК ашылады. Бұл бізге тағы 34 ПМПК ашуға мүмкіндік береді. Биыл 15 ПМПК, келесі жылы 14 ПМПК, 2025 жылы 5 ПМПК ашу жоспарланып отыр, - деді А.Айтжанова.
Соңғы үш жылда жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ПМПК саны едәуір артқанын еске сала кетейік. Елімізде 2019 жылы 71 ПМПК болса, қазіргі уақытта оның саны 21 ПМПК-ға артып, 92-ге жетіп отыр. Бұл өте маңызды көрсеткіш.