Жеміс пен көкөніс шырындарының бағасы бір жылда 28%-ға өсті
Қазақстанда 2022 жылғы қаңтар-қараша аралығында 65,4 млн литр жеміс пен көкөніс шырындары өндірілді. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға артық, деп хабарлады Elorda.info Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Республика бойынша шырындардың басым бөлігі Алматы облысында (27,9 млн литр) өндірілген. Үштіктер қатарында Алматы қаласы (4,7 млн литр) және Түркістан облысы (1,3 млн литр) бар.
Өндірілген шырындардың жалпы көлемінің 94,3%-ын жеміс шырындары құрады (61,7 млн литр). Бұдан басқа 3,7 млн литр көкөніс шырындары өндірілген.
Ресурстың жазуынша, 10 жыл бұрынғы сәйкес кезеңдегі деректермен салыстырғанда жеміс шырындарының өндірісі 2,6 есеге, көкөніс шырындарының өндірісі 80%-ға қысқарған.
Жеміс шырындарының ішінде өндірістің негізгі бөлігі апельсин шырынына тиесілі (26,9 млн литр). Бұдан басқа алма (14,7 млн) және ананас шырындары (1,8 млн литр) да өндірілген. Алма шырынының өндірісі бір жылда 20,4%-ға өссе, ал ананас өндірісі 17%-ға қысқарды. Сонымен қатар 14,3 млн литр жеміс шырындарының қоспасы өндірілген.
Көкөніс шырындарының ішінде өндірістің барлық көлемі қызанақ шырынына тиесілі: 3,7 млн литр.
Өткен жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша жеміс және көкөніс шырындарының бағасы бір айда 1,7%-ға қымбаттады. 2022 жылы бағаның ең жоғары айлық өсімі наурыз және сәуір айларында байқалды. Аталған кезеңде шырындардың бағасы 3,6%-ға және 3,5%-ға өсті.
2021 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда жеміс пен көкөніс шырындарының бағасы 28,1%-ға көтерілді.
Қызылорда (+45%), Жетісу (+41%) және Ақмола (+37,6%) облыстарында ең жоғары жылдық баға өсімі тіркелді.
Жылдық динамикада көкөніс шырындары орта есеппен 31,1%-ға өсті. Республика бойынша көкөніс шырындарының айтарлықтай қымбаттауы Батыс Қазақстан (53,3%-ға), Атырау (42,8%-ға), Түркістан (42,6%-ға) және Қызылорда (40,5%-ға) облыстарында, Астанада (39%-ға) тіркелді.
Жеміс шырындары бір жылда орта есеппен 27,9%-ға қымбаттады.