Астанада полицейлер 400-ден астам жүргізуші-борышкерді анықтады
Астанада полицейлер 400-ден астам жүргізуші-борышкерді анықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Polisia.kz жазғандай, борышкер жүргізушілерді анықтау үшін полицейлер «Qorgau» мобильді қосымшасын пайдаланады. 2023 жылдың басынан бастап рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде жалпы сомасы 32 млн теңгеден астам берешегі бар 404 жүргізушіге хабарланды.
Осылайша, рейдтер жүргізу кезінде полицейлерге мобильді қосымша арқылы көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушілер туралы хабарламалар келіп түсті. Үш жүргізуші ұсталды, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 612-бабының 3-бөлігі бойынша (Көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын басқаруы) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оларға 50 АЕК көлемінде ірі айыппұл салынады немесе он тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынады.
Сонымен қатар көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 36 жүргізуші және жалған нөмірлік белгісімен жүрген бір жүргізуші ұсталды. Коммуналдық тұраққа 14 автокөлік қойылды. Өткен жылдың 26 сәуірінен бастап елордада «Qorgau» жол қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Мобильді қосымша арқылы Астана полицейлері күн сайын әкімшілік құқық бұзушылық бойынша борышкер жүргізушілерді анықтайды.
Мәселен, былтыр «Qorgau» рейдтік іс-шараларын өткізу кезінде әкімшілік құқық бұзушылық бойынша берешегі бар 18 мыңнан астам жүргізушіге хабарланды. Оның ішінде жалған нөмірмен көлікті басқарғаны үшін 86 жүргізуші, көлікті басқару құқығы жоқ 1 мыңнан астам жүргізуші, бұрын басқару құқығынан айырылған 205 жүргізуші ұсталды.
Коммуналдық айыппұл тұрағына 800-ге жуық автокөлік қойылып, 920 нөмірлік белгі тәркіленді.