Дубайда құлдыққа тап болған қазақстандық жігіт табылмай жатыр
Дубайға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық азамат жоғалып кетті, деп хабарлады Elorda.info.
LIFE09 ақпарат агенттігінің жазуынша, Қазбеков Исламбек 2022 жылдың қыркүйек айында Дубай қаласына жұмыс істеуге кеткен. Бірақ жыл соңына қарай Исламбек достарына белгісіз адамдардың айтуымен Тайландқа ауысқанын айтқан. Кейіннен Тайланд, Лаос, Мьянма елдерімен шектесетін «Золотой треугольник» деген жерге алданып келгенін айтқан. Бірақ 27 желтоқсаннан бері байланысқа шықпаған.
Жоғалған азамат соңғы хабарламасында түсініксіз жайттардың болып жатқанын достарына ескертіпті.
«Золотой треугольник» деген жерге келгенше 10 посттан өттік. Қайда тап болғанымды сонда келгенде ғана түсіндім. Жанымда 1 қазақстандық жігіт, 2 пәкістандық және тағы бір адам бар. Бізге басында аудармашы боласыңдар деген, кейіннен сату жұмыстарымен айналысасыңдар деді. Сатудан қажетті ақшаны таппасаңдар, ақшаны өздерің төлейсіңдер деп айтты. Ал ол ақшаны өтеп бере алмасақ, ұрамыз, құлдыққа саламыз, түрмеге қамаймыз дейді. Енді бір амал болса, қайтып кетуге тырысамыз. Егер менен хабар үзіліп қалса, жағдайдың қиындағаны деп түсініңдер», – делінген жоғалған жігіттің соңғы хабарламасында.
Достарының айтуынша, Исламбекті құлдықта ұстап отыруы мүмкін.
Мемлекеттік органдар жоғалған азамат туралы қандай да бір ақпарат білу үшін жұмыс істеп жатыр. Ол жерде заңның күші аса жүре бермейді. Бұрынғы тәжірибелер көрсеткендей, ол елдерде осындай жағдайға тап болған адамдарды қайтару үшін қомақты қаржы сұрайды.