Мемлекеттік қызметтің негізгі 6 әдептік қағидаты
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумы өтті, деп хабарлады Elorda.info Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында Дархан Жазықбаев биыл мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданғандығына тоқталып, заман сұранысына сай 6 негізгі әдептік қағидат айқындалғанына баса назар аударды: ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік, және адамға бағдарлану.
Өз сөзінде Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметші жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп, өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетуге және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде әуре-сарсаңға жол бермеуі тиіс екенін еске салды.
Аталған қағидаттар Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал ететін болады.
Сонымен бірге МҚІА басшысы мемлекеттік аппарат қызметінде түрлі кедергілерге жол бермеу мәселесіне тоқталып, осы бағыттағы шаралардың жүзеге асыру барысы туралы айтты.
Президенттің сәуір айындағы «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Агенттікке бюрократия көріністеріне мониторинг пен талдау жүргізу бойынша жаңа функциялар жүктелді. Қазір Агенттік мемлекеттік аппараттың жұмысындағы бюракратияны түбегейлі жою, оған жаппай төзбеушілікті орнықтыру бағытында кешенді шаралар атқаруда. Бұл шаралар мемлекеттік аппарат персоналының жұмысына оң серпін беріп, оны жаңа сипатқа көтеруге септігін тигізетін болады, – деді Дархан Жазықбаев.