Жастар практикасынан өту кезеңі ұзартылды
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Ақтауда өткен Zhas Project форумы барысында мәлімдеді, деп хабарлады Elorda.info.
2022 жылы Жастар практикасынан өту кезеңі 6 айдан 12 айға дейін және «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Бұл жастар үшін алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға және табыс табуға жақсы мүмкіндік.
Министрдің сөзінше, жастарды жұмысқа тарту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында нақты жобалар іске асырылып жатыр.
Жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында жүргізілуде.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде NEET санатындағы жастар деңгейі жоғары өңірлерде жас кәсіпкерлерді қолдау үшін «Zhas Project» пилоттық жобасы іске асырылып жатыр.
Жалпы 250 жоба пилоттық түрінде 6 аймақтарда іске асырылды (Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында). Оның аясында әлеуметтік осал топтар мен ауыл жастарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 1 млн теңге сомасында 252 грант берілді. Бұдан әрі бұл жобаны жыл сайын басқа өңірлерде де жүзеге асыру жоспарланып отыр.