00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қызылорда облысының әкімі «Анаға тағзым» орталығының кірпішін қалау рәсіміне қатысты

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қызылорда облысының әкімі «Анаға тағзым» орталығының кірпішін қалау рәсіміне қатысты
ашық дереккөз

Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сыр еліне белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен бастау алған «Анаға тағзым» орталығының құрылысымен танысып, кірпішін қалау рәсіміне қатысты, деп хабарлады Elorda.info облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі орталық өңіріміздің қыз-келіншектерге, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мол мүмкіндік бермек.

Іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа орталықтың Сыр елінде еңсе тіктеп, бойы көтеруінің үлкен символикалық мәні бар екенін тілге тиек етті.

Біздің өңірімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жаңа заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар салынуда. Оған өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Таяуда ғана ардагер ағаларымызбен бірге облыс орталығынан құны 3,7 млрд теңгеге өнер орталығы, құны 1,6 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы, 2,9 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығының» құрылысын бастадық. 6-7 ай ішінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 9 млрд теңгеге жуық қаражат тартылып, жаңа жобалар жүзеге асуда.

Қоғамның игілігіне қызмет етуді басты қағида еткен туған жерге жанашыр азамат, белгілі кәсіпкер Марат Базарбайұлы өңірімізде «Анаға тағзым» орталығын салуға ниет білдірді.

Ана – тек отбасының берекесі ғана емес, елдің ынтымағы мен несібесіне тілекші, бірліктің ұйытқысы. Келешекте жас отбасылар мен кейінгі буын жастар бұл орталықтан рухани құндылықтарды алады деп сенеміз.

Барша Сыр халқы атынан шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.

Жаңа нысанда қыз-келіншектердің сәні мен сымбатты жүруіне арналған арнайы бөлмелер, тұрмыстық жағдай және қонақ күту кабинеті, аруларға жан-жақты психологиялық көмектер беретін кабинеттер болады. Сондай-ақ шығармашыл жандарға бағытталған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері болады.

Іс-шарада батыр ана Сәкен Ағатаева сөз алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ата-бабадан келе жатқан дәстүр екенін тілге тиек етіп, бұл орталықтың жас аналарға, бойжеткендерге берері мол екенін жеткізді.

Айта кету керек, Марат Дүйсенбаев жақында ғана елорда төрінде Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденімен наградталды.

Ол туған елге «100 игілікті іс» жоспары негізінде 100 отбасының баспаналы болуына қуаныш сыйлап, әртүрлі жетістіктерге жеткен және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға 100 автокөлік тарту етсе, 100 жастың отбасы құруына қаржылай қолдау көрсеткен.

Меценат Марат Дүйсенбаев 30 жыл ішінде 12 млрд.теңге қаржыны өңірдің игілікті ісіне арнаған жомарт азамат.

Еске салайық, Сыр өңірінде соңғы 7 ай ішінде 18 жаңа нысан салу бастамасы қолға алынып, ауқымды жобалардың жүзеге асуда. Келер жылы халықаралық әуежайдың жаңа терминалы, стадион мен заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы және көпсалалы аурухана салынады.