Астанада ақын Нұрғожа Оразды еске алу кеші өтті
Ұлттық академиялық кітапханада ақын, жазушы, публицист Нұрғожа Ораздың 90 жылдығына арналған әдеби-рухани еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Тағылымды іс-шараның басында жұршылық назарына ақынның өмірі мен шығармашылық жолы туралы бейнебаян ұсынылды.
Ақтаңгер ақын Серік Тұрғынбекұлы ақынның қазақ әдебиетіндегі айшықты ізі жайында жүрекжарды сөзін айтып, өзінің әдебиет әлеміне келуіне Нұрғожа Ораздың тікелей ықпалы болғанын тебіреніспен жеткізді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Светлана Жалмағамбетова ақынның қоғамдық қайраткерлігін, солтүстік аймақтағы тіл мен өнердің дамуына жанкештілікпен үлес қосқанын айрықша атап өтті.
Қазақтың белгілі қаламгерлері Шәрбану Бейсенова, Роза Мұқанова, Қайсар Әлім, Жабал Ерғалиев, Жарас Сүлейменов, Баянғали Әлімжанов Сарыарқаның саңлағына баланған ақынның шығармашылық жетістіктері мен адамгершілік қасиеттері туралы тебіреніп әңгімеледі. Сондай-ақ Нұрғожа Ораздың ауылынан келген меймандар мен шарапатын көрген шәкірттері де ыстық ықыластарын білдірді.
Нұрғожа Ораз ағамыз қазақ әдебиетінде жарқын іздері қалған қаламгер. Елін сүйген ақын еді. Мұхтар Әуезовтен тәлім алған, Тұманбай, Сағи, Әбіш секілді қазақтың арда қаламгерлерімен дос болған кеңпейіл жан болған. Нұраға солтүстік өңірінде қазақ тілі мен өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген. Целиноград пен Ақмолада, кейіннен Астанада ұлттық сана-сезімнің басым болуына ықпал етуші еді. Жүздеген шәкіттерді әдебиет айдынына түсірген еңбегі де бір төбе болатын. Осындай асыл азаматымызға елордадан бір көше берсе де артық етпес еді деп ойлаймын, – деді журналист-жазушы, еңбек ардагері Жылқыбай Жағыпарұлы.
Іс-шара барысында Нұрғожа Ораздың өмірі мен шығармашылығына арналып шығарылған «Ғибратты ғұмыр» және «Весна души моей...» кітаптарының тұсауы кесілді.
Тағылымды іс-шара барысында Қазақ өнер университетінің жастары Нұрғожа Ораздың шығармашылығынан әдеби-композициялық қойылымдар орындап, кештің мән-мазмұнын айшықтап тұрды.
Кештен кейін «Сарыарқа саңлағының» зайыбы Айман Қожахметқызының шақыруымен көпшілік еске алу асында бас қосты.
Ғалым Қожабеков