Енді 18 жастан асқан соң ғана электрлі қару ұстауға рұқсат беріледі
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті қызметкерлері қаруға рұқсат ресімдегісі келетін адамдарға 11 қыркүйектен бастап заңнамаға өзгерістер енгізілгенін мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, заңнамада жас шамасы өзгертілген. Енді өзін-өзі қорғау үшін тек 18 жастан бастап қана газды не электрлі қаруды иеленуге құқық берілген. Тегіс ұңғылы аңшы қаруына 21 жастан бастап рұқсат берілсе, ойық қаруды 3 жыл аңшылық тәжірибесі барлар және 24 жастан асқан азамат қана ала алады.
Медициналық талаптар да қатаңдатылды. Зорлық-зомбылыққа және құмар ойындарға бейімділіктің болуын анықтау үшін қазір 5 жылда бір рет психологиялық тестілеуден өтуді енгізу қарастырылып жатыр.
Медициналық қарсы көрсетілімдері бар, сондай-ақ бірнеше құқық бұзушылық жасағандарға қару иелену рұқсатын тоқтату мүмкіндігі енгізілмек. Заңсыз қару және заңсыз есірткі айналымымен байланысты ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ террористік, экстремистік қылмыстар жасағаны үшін жауапқа тартылған адамдарға, соның ішінде жазасын өтеп шыққандарға да қару ұстауға өмір бойына тыйым салынған. Заңды тұлғаларға қаруды атуға жарамсыз жағдайда сақтау міндеттемесі енгізіледі, - дейді тәртіп сақшылары.