Президент: Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуі басталды, деп хабарлады Elorda.info Президент баспасөз қызметінің БОРТ №1 Телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптадан бері өңірлерге сапарым басталды. Аймақтардағы халықпен кездесіп, ел дамуына қатысты бастамаларым туралы айттым. Алдымен Түркістан мен Шымкентке, содан кейін Семейге бардым.
Біз алдағы қысқа дайындық барысымен танысып, шұғыл мәселелерді қарадық. Облыстар үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындадық. Бір сөзбен айтқанда, бұл өте мағыналы сапарлар болып жатыр, – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі екенін айтты.
Шын мәнінде, халықтың қолдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың ең басты кепілі. Мен тың өзгерістерге тілектес болып жатқан азаматтардың бәріне тағы да алғыс айтқым келеді. Біз бір ел болып жұмыла білсек, көздеген мақсатқа жетеміз.
Бүгін, міне, өздеріңізбен жүздесу үшін Ертіс бойына ат басын бұрдым. Бұл өңірге менің ықыласым ерекше екенін білесіздер. Павлодар облысы – еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейтінін еске салды.
Абылайдың ақылшысы Бұхар жырау, ғұлама ойшыл Мәшһүр Жүсіп, Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов осында дүниеге келген. Жаяу Мұса, Естай ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов сынды руханият саласының айтулы өкілдері осы өңірден шыққан. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Кемел Ақышев, Шапық Шөкин сияқты әйгілі ғалымдар – Ертіс бойының перзенттері. Бір сөзбен айтсақ, Баянауыл баурайы – тектілердің берекелі бесігі.
Павлодар облысында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқан. Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндіріледі. Қазақстанда шығарылатын көмірдің де жартысынан астамы Павлодардың еншісінде. Облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейді.
Еліміздегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығады. Сондай-ақ, бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұр, – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, еліміз жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басты.
Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді. Еліміз қазір жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басты. Біз алға қойып отырған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға Павлодар облысы зор үлес қосады деп сенемін, – деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы Астана мен Алматы қалаларында «Қоқыссыз таза табиғат» атты жалпыұлттық акция басталғанын жеткізді.
Павлодар мен Екібастұз жастары «EcoStudentKZ» республикалық экологиялық челленджін қолдап, студенттердің саябақтар мен гүлзарларды тазартқанынан хабардармын. Қоршаған ортаға қамқорлық туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратындықтан, мұндай іс-шаралар көбірек болуы тиіс деп есептеймін.
Сондықтан менің ұсынысыммен Астана мен Алматы қалаларында «Қоқыссыз таза табиғат» атты жалпыұлттық акция басталды. Бұл игі іс табиғатқа немқұрайлы қарамайтын азаматтарды біріктіруге арналған.
Бұл бастамаға қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, студенттер мен еріктілер қосылатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке өңірдің суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырды.
Павлодар өңірі үшін Ертістің орасан зор маңызы бар. Бұл өзен – осы өлкенің тұрғындары, кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін негізгі тіршілік көзі. Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артты. Алдағы уақытта оны тағы 2 есеге, яғни, 300 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Облыс әкімдігі осы мәселеге баса назар аударуға тиіс.
Үкіметке өңірдің суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырамын. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ғана емес, халықты жұмыспен қамту үшін де өте маңызды. Судың тапшылығы экономиканы дамытуға кедергі келтіреді. Сондықтан, Ертістің суын тиімді, үнемді пайдалануға айрықша мән берілуі керек, – деді Тоқаев.
Президент биыл аймақта 19 жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Үш жылда ауылдағы ағайынды таза сумен қамту көрсеткіші 55-тен 94 пайызға дейін өсті. Биыл аймақта осындай 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік келесі жылы құны 14 миллиард теңге болатын тағы 39 жобаны қолға алуды ұсынып отыр. Осыған орай Үкіметке қаржы бөлуді тапсырамын.
Жалпы, еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс. Мен былтырғы Жолдауымда 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырдым. Үкімет осы міндеттің орындалуын ерекше бақылауға алуы керек, – деді Тоқаев.
Осы орайда Президент жолды күтіп ұстауға баса назар аудару керек екенін жеткізді.
Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Бірақ, Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды.
Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет»
Павлодар облысының экономикасын дамытуға өзге өңірлермен әуе қатынасын орнату айрықша ықпал ететіні анық. Қазір облыс орталығынан Астананың өзіне тікелей ұшақ ұшпайды.
Үкімет жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керек. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.