Прокурордың тұрғындарды жекпе-жекке не үшін шақырғаны белгілі болды (ВИДЕО)
Түркістан облысы Төлеби ауданында полицейлер, прокурор мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен болған даудың себебі анықталды. Тұрғындардың сөзінше, наразы жұртты басуға келген прокуратура қызметкері олардың ызасын тудырып, тұрғындармен жекпе-жекке шығуға дайын екенін айтқан, деп хабарлады Elorda.info «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.
Дау полицейлерден қашқан көлік жүргізушісінің өлімінен кейін басталған. Тәртіп сақшыларынан жасырынбақ болған ол жол апатына түскен.
Жол апаты болған соң жүгіріп келсем, полицейлер бұрылып, қашып бара жатыр екен. Тоқтатып, бұрылыста көліктен шығардым, сосын «Сендердің кесірлеріңнен жол апаты болды, неге жәрдем бермейсіңдер?» деп сұрадым, – дейді жергілікті тұрғын Марат Оралбаев.
Марат Оралбаев – жол апатын алғаш көргендердің бірі. Сөзінше, полицейлер «ВАЗ» көлігінің соңынан қуған. Қашып келе жатқанда Audi көлігі бүйір тұсынан соғып, бірнеше метрге ұшырып жіберген. Салдарынан«ВАЗ» жүргізушісі Александр оқиға орнында көз жұмған. Ал полицейлер көмектесудің орнына, бұрылып, қашып кеткен.
Марқұмның туыстары Александрдың мас болғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтады. Себебі оқиғадан 10 минут бұрын ғана онымен сөйлескендер бар екен. Жол апаты болған кезде жанында 5 жасар қызы да болған. Баласын алдыңғы орындыққа отырғызғандықтан, полицейлер қуалауы мүмкін деп топшылады.
Апаттан кейін жиналған наразы топпен кездесуге прокурор мен полицейлер келген. Тұрғындардың айтуынша, прокурор «Не істеп аласыңдар?» деп көпке шүйліккен. Сол кезде ашулы жұрт оның телефонын тартып алмақ болған.
Прокурор жұрттың көзінше «Қолымдағыны шешемін, сосын кез келгеніңмен шығамын» деді, – дейді Марат Оралбаев.
Марқұмның туыстары жүргізушіні қуалаған үш полицейдің дүкеннен ішімдік сатып алғанын көргендер бар дейді. Алайда дүкендегі сол сәттегі видео өшіп қалған. Енді отбасын асыраушысынан айырғандар заң алдында жауап берсін деп талап қойды.
Қазір қуалағандардың бірі еңбек демалысында, екіншісі денсаулығына байланысты құжаты бар деп айтып жатыр. Ал үшіншісі жұмыстан шеттетілген деп естідім. Демек сол күні олар жұмыста болмаған болып есептеледі, алайда олардың қуалағанын көрген адамдар бар, – деді марқұмның туысы Сергей Дьянченко.
Төлеби аудандық прокуратурасы кезекшілікте жүрген прокурорға күш қолданған үш азаматтың үстінен іс қозғалғанын жеткізді. Өзге мәліметтерді тергеудің жүріп жатқанына байланысты жария етпеген.
Ұялы телефонына қатысты іс-әрекеттер болған. Шалбарын шешуге оқталған деректер болмаған. Ол азаматтардың жиналып тұрғанын түсіріп алмақшы болған, – деді Төлеби аудандық прокуратурасының прокуроры Бексұлтан Сапарбек.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында жол апатынан мерт болған жүргізушінің туыстары полиция қызметкерлерін айыптағаны туралы хабарлаған едік. Желіде тараған видеода бір топ ер адамның полиция қызметкерімен сөзге келіп тұрғанын көруге болады. Ер адамның бірнешеуі оған «Шалбарыңды шеш!» деп бұйырып, тіпті бұл әрекетті өздері жасамақшы болған.