Жыл басынан мүгедектігі бар адамдар портал арқылы 286 мыңнан астам қызмет алған
Осы жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 253 мың мүгедектігі бар адам техникалық оңалту құралдарын, 7 мыңы – ымдау тілі қызметін, 26,3 мыңы – жеке көмекшінің қызметін алған. Сондай-ақ портал арқылы кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға 75 мың тапсырыс рәсімделді, деп хабарлады Elorda.info.
Портал мүгедектігі бар адамдарға техникалық оңалтудың құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген техникалық оңалтудың құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінгі күні порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 824 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 267 техникалық оңалту құралдарын жеткізуші, 25 мыңнан астам жеке көмекші, 646 ымдау тілін қызметін, 90 санаторлық-курорттық емдеуді, 66 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген.
«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.
Қолдауға арналған байланыс орталығына 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, тілді таңдау және 5 санын басу арқылы порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады.