00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстанда жұмыспен қамту саласындағы онлайн супермаркет құрылады

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстанда жұмыспен қамту саласындағы онлайн супермаркет құрылады
ашық дереккөз

Электрондық еңбек биржасы базасында Бірыңғай цифрлық экожүйе немесе басқаша айтқанда, жұмыспен қамту саласындағы онлайн қызметтер супермаркеті құрылатын болады. Бұл экожүйе азаматтарды кәсіби жолында: мамандық таңдаудан бастап еңбек қатынастарын ресімдеуге дейін қолдап отырады, деп хабарлады Elorda.info.

Бүгінгі таңда ЭЕБ базасында жұмыспен қамту саласындағы болашақ супермаркеттің 6 негізгі құрамдас бөлігінің 5-еуі іске асырылды.

ЭЕБ негізгі элементі – бұл жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң Enbek.kz. Ол 205 жұмыспен қамту орталығынан, 44 жеке жұмыспен қамту агенттігінен және 5 онлайн жұмыспен қамту алаңынан бос орындарды шоғырландырады. Бұл алаңда азаматтар бағыттар, кәсіптер және дағдылар бойынша лайықты бос жұмыс орындарын, ал жұмыс берушілер – олардың талаптарына сәйкес келетін қызметкерлерді іздей алады.

Бұл ретте Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресейдің ұлттық ақпараттық жүйелеріне қолжетімділігі бар «Шекарасыз жұмыс» бірыңғай іздеу жүйесінің арқасында тек Қазақстанда ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде де жұмыс табуға болады.

ЭЕБ арқылы жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді де оңай алу мүмкін болады. Өткен жылы 126 мың адам онлайн форматта жұмыссыз ретінде тіркелді. Платформа арқылы азаматтар жұмысынан айырылуға байланысты әлеуметтік төлем алуға, субсидияланған жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға, жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аудару үшін өтініш бере алады. Биыл аталған көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ЭЕБ арқылы 314,2 мыңнан астам адам пайдаланды, – деп атап көрсетті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов.

Сондай-ақ ЭЕБ базасында халық үшін қажетті дағдылар бойынша Skills Enbek – маркетплейс курстарының онлайн оқыту платформасы жұмыс істейді. Оқыту барлық ниет білдірушілер үшін қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Бүгінгі таңда 157-ден астам курс орналастырылған, олардың 103-і тегін.

Бұл ретте 124 мыңға жуық адам белгілі бір курстан өтіп, тиісті дағдыларды игеру туралы сертификат алды. Бұл дағдылар бірыңғай цифрлық экожүйенің арқасында білім алушы-ізденуші тарапынан басы артық күш салусыз түйіндемені орналастыру және еңбек қатынастарын ресімдеу сервистерінде автоматты түрде көрсетілетін болады.

Сонымен қатар жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға анонимді өзін-өзі диагностикалау сервисі іске қосылды.

Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесінің маңызды элементі – Business Enbek платформасы, ол бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алудың: өтініш беруден бастап гранттың өзін алуға дейінгі барлық процестерін толық автоматтандыру үшін іске асырылған. Барлық құжаттама электрондық форматта ресімделеді. Қазіргі уақытта 12 мыңнан астам өтінім мақұлданды. Жыл соңына дейін барлығы 20 мың грант беру жоспарланып отыр.