Нұрасыл Бекматов: 14 жасымнан волонтерлікпен айналысамын
«Ой бренд» қоғамдық қоры 2018 жылдан бастап өз жұмысын бастаған. Нұрасыл Бекматовтың айтуынша, қор қызметін еліміздің барлық аумағында жүргізуге құқығы бар. Ал негізінен қор Қызылорда облысында тіркелген. «Ой бренд» келесі жылы 5 жылдық шағын мерейтойын атап өтеді.
Қордың миссиясы өңірде жастар саясатын ілгерілету, жастарға қолдау білдіру және жастар ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеу. Қор жыл сайынғы министрліктер ұйымдастырып жатқан шағын гранттар байқауына қатысып жоба жеңімпазы атануда. Жастардың тікелей өздері ұсынған және тұрақты түрде іске асырылатын жобалары қаржыландырылып, іске асырылуда. Негізгі мақсаттардың біріне жастардың бастамашыл, ынталы топтарын құру жатады, - деді «Ой бренд» қайырымдылық қорының өкілі.
Бұл қор қазіргі кезде көптеген сала бойынша волонтерлік қызметті атқарады. Әсіресе қор өз жұмысына оқушыларды, студенттерді, көшбасшы жастарды тартады. Осы уақытқа дейін жатақхана студенттеріне арналған «Stud quest» жобасын, медицина саласының волнтерлеріне арналған «Saqtansaq saqtaidy» жобасы, жастарға бейресми білім беру бағытында «Өмірлік маңызды дағдылар» жобасы, жастарды интеллектуалды ойлауға жәрдемдесетін «Oi-zerek» жобасы ұйымдастырылды. Қор өкілінің айтуынша, мұндай жобалар облыс көлемінде тұрақты түрде өткізіледі. Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбиеге, волонтерлікке бағытталған қосымша жобалар да бар.
Біз бірінші волонтерлардың ортасын қалыптастырамыз. Оларға жасалатын қызметтің түрлерін көрсетіп, қызығушылығына қарай әр топқа бөлеміз. Бір топ жалғыз басты қарттарға көмек көрсетумен айналысады. Ал екіншісі мүмкіндігі шектеулі балалардың орталығына барып, солардың ем қабылдаушыларына еріктілік қызмет көрсетеді. Білім бағыты бойынша жас ұстаздарымыз көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға тегін үйірмелер мен курстарды жүргізуді қолға алуда. Біз волонтерлардың қалауы бойынша барлық қызметтерді атқара береміз. Қуантарлығы, біздің ортаға тартылған еріктілер бір отбасы секілді қызмет етеді. Олар өмірде де дос, аға, іні есебінде араласады, - деді Нұрасыл Бекматов.
Оның пікірінше, қазіргі кезде көпшіліктің волонтерлікке деген көзқарасы айтарлықтай өзгерген.
Мемлекет басшысының 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялауы волонтерлік қозғалысты алға қарай жүргізуге серпін берді. Содан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Халықтың волонтерлікке деген көзқарасы айтарлықтай өзгерді. Бұрын олардың жасап жатқан қызметтерін көптеген тұрғындар сынға алып, кері пікір білдіретін. Қазір керісінше олардың тобына қосылып бірге сенбіліктерге тартылып, эко-акцияларды жүзеге асыруға өз септігін тигізіп жатыр, - деді Нұрасыл Бекматов.
Волонтерлік қызмет жастар мен студенттерге көп мүмкіндік береді.
Мен 14 жасымнан бастап волонтерлікпен айналыса бастадым. Соның нәтижесінде оқуымды тәмамдаған соң тұрақты жұмысқа орналастым. Біз волонтер болып бірнеше жұмысты жасап қана шектелмейміз. Сәйкесінше көптеген адамдармен байланыс орнатуды, қарым-қатынас жасауды, достар табуды үйренеміз. Өз ортамызда лидерлердің шығуына ықпал жасаймыз. Волонтерлердің басым көпшілігі студент кезінде еріктілікпен айналысып оқу бітірген соң тұрақты жұмыс орнына лезде орналасып жатады. Неге бұлай? Себебі ерікті жастар қоғамдық орындарда өздерінің дағдылары мен қабілеттерін ашып, белгілі бір деңгейде тәжірибе жинақтаған, - деді ол.
Нұрасыл Бекматов алдағы жоспарымен де бөлісті.
Жыл сайын волонтерлік жобаларға, шағын гранттар байқауына қатысу үшін алдымызға мақсат қоямыз. Өңірдегі волонтерлік қызметті одан әрі жетілдіру жоспарда бар. Тек қана қала немесе аудан орталықтарында емес, ауылдық жерлерге де осы жобаларды алып бару жоспарда бар. Барлығымыз жұмыла көтерсек ісіміздің алға басары анық. Тұрақты түрде іске асырылатын жобалар мен бағдарламалардың санын ұлғайтсақ, оған тұрақты қатысушылар мен қызмет алушыларды тартсақ, халық үшін жасар қызметіміз еселеп өрлейтіні анық, - деп сөзін түйіндеді ол.