Самокат айдаушылар жасына шектеу қойылады
Электр самокаттарының орташа жылдамдығына қатысты мәселе бар. Бұл бірінші жыл талқыланып жатқан жоқ. Бұл проблема Алматыда басталды. Себебі қаланың басым бөлігі электр самокат қолданушылары атанды. Біз 3 жыл көлемінде бұл мәселені талқылап, заң жүзінде өзгеріс енгізуді жөн көрдік. Электр самокатына қатысты стандарт қабылдауды дұрыс деп санадық. Стандарт қабылданған соң, жол қауіпсіздігі туралы заңдарға және Әкімшілік кодекске осы жыл ішінде өзгертулер енгіземіз, – деді Жандос Мұраталиев.
Сондай-ақ ол электр самокат жүргізушілерінің міндеттері мен құқығы заңда белгіленетінін, бірақ әуелі бұл ереже жұртшылықпен талқыланатынын айтты.
Самокаттардың түрлері, оның жүргізушісіне берілетін мәртебе және оның міндеттері мен құқығы секілді талаптар көрсетіледі. Бұл нормаларды басқа мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері талқылайды. Электр самокатын қолданушылардан жүргізуші куәлігі сұралмайды. Алайда самокат айдаушылар жолға, қоғамдық көлік жолағына шықса, олардың жасы 16-ға толуы керек. Электр самокаттарында міндетті түрде жарық болуы керек. Қалған талаптарды заңға өзгерістер енгізу кезінде талқылаймыз, – деді ол.