Қарағандылық еріктілер жыл сайын 6 мың адамға көмектесіп тұрады
Еліміздің орталығында орналасқан Қарағанды облысында 1349 ерікті бар. Олардың 150-ге жуығы 2017 жылы құрылған «VolteQ» еріктілер клубының мүшесі. Волонтерлік ұйым облыс бойынша ең үздік волонтерлік корпус деп танылған.
«VolteQ» еріктілер клубының жетекшісі Тілеужан Әбдірешеваның айтуынша, қарағандылық еріктілер осы уақытқа дейін 6000 адамға көмектескен. Олар қала тұрғындарына медициналық, экологиялық, мәдени, спорттық, медиа және т.б. бағыттары бойынша көмек көрсетеді. Жалпыұлттық «Birgemiz» жобасы арқылы республикалық ірі жобаларға да қатысады.
Еріктілер ұйымында 14-29 жасқа дейінгі 150 волонтер бар. Біз әлеуметтік бағытта жиі жұмыстар атқарамыз. «Ардагерім қарттар» жобасы бойынша жалғызбасты қарттарға және «Мейірімді жүрек» жобасы негізінде аз қамтылған отбасыларға көмектесеміз. Еріктілер экологиялық бағытта ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене қатысады. Облыс бойынша өткізілетін іс-шараларда еріктілер ұйымдастырушы ретінде көмек көрсетеді, – дейді еріктілер клубының жетекшісі.
Қарағанды қаласының еріктілері әлем бойынша атаулы күндерді де қалт жібермейді. Қала бойынша ірі іс-шара өтпесе де, өздері ұйым болып шағын іс-шара ұйымдастырады. Ал республикалық маңызы бар мереке күндері, әсіресе, концерттік бағдарламаларды ұйымдастыруда еріктелердің еңбегі зор.
Биыл қарағандылық жастардың басын қосқан ұйымға 5 жыл толды. Осы уақытқа дейін клуб 6000 еріктінің басын қосты.
Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Мен ұйымға 2019 жылы ерікті болып келдім. Кейін ұйымда жұмысты үйлестіруші маман ретінде қызмет атқардым. Күнделікті қажеттілігі үшін қосымша көмекті керек ететін адамдарға жәрдемдесу, әсіресе, қарттар үйіне тап болған жандарға көмек қолын сөзу менің ерікті болуыма себепкер болды. Осы қызметте жүріп өзімнің қоғамға пайдам тиіп жатқанын түсіну және оны одан әрі дамыту менің мақсатымның бірі, – дейді еріктілер ұйымының жетекшісі.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің маманы Тілеужан Әбдірешева «VolteQ» еріктілер клубын биылғы маусым айынан бастап басқарады. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл ұйым белсенді жұмысының арқасында облыс бойынша ең үздік волонтерлік корпус болып танылды. Өткен жылы ұйымның екі волонтері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Ерікті болу арқылы әр адам білмегенің үйрене алады. Әлемде өз еркімен, риясыз жақсылық жасау жолында жүрген адамдардың бар екенін дәлелдейді. Ерікті болудың арқасында әрбір азамат еліне көмектесіп қана қоймай, өзіне мүдделес серік табады. Кейде адамдар ерікті болу күндіз-түні жұмыс істеу деп түсінеді. Бұл қате пікір. Әрбір азамат, әрбір маман иесі өз жүрек қалауымен жақсылық нұрын шашуға ниетті болса, ол ерікті жан болып есептеледі. Өз еркімен өтеусіз, қоғамға пайдалы іспен шұғылданып жүрген қарағандылық жастар осы тұжырымға дәлел бола алады.