Мемлекеттік қызметші халықпен жұмыс істеуге дайын болуы тиіс – Жандос Сәрсен
Қоғамда болып жатқан өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Осыған байланысты қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Біздің алдымызда адамға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру мақсаты тұр.
Мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлқына қатысты жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілердің арыз-шағымдары келіп түскен жағдайларда, ондай өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізу арқылы қаралады.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып саналатындығын ескерсек, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады.
Қоғам және жұртшылық тарапынан мемлекеттік қызметші барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өз қызметін адал әрі кәсіби тұрғыда атқаруға және Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге жұмсайды деген сенім қалыптасқаны анық.
Жаңа редакциядағы Әдеп кодексінің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделіп отыр.
Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық.
Жалпы алғанда бүгінгі мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болып, өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.