«2 жылдан 10 жылға дейін»: қыз алып қашқандарға қатысты заң күшіне енді

Бүгін, 09:47
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
views67
«2 жылдан 10 жылға дейін»: қыз алып қашқандарға қатысты заң күшіне енді
Фото: freepik

Қылмыстық кодекске некеге тұруға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауаптылық көзделген жаңа 125-1-бабы енгізілді. Жаңа заңнамаға сәйкес, қорқыту, бопсалау, күш қолдану немесе басқа да қысым көрсету арқылы некеге мәжбүрлеу үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, ал егер ауыр зардаптар болса – 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бас прокуратура мәліметінше, «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзімділік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық кодекске некеге тұруға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауаптылық көзделген жаңа 125-1-бабы енгізілді.

Аталған Заңға Мемлекет басшысы 2025 жылғы 16 шілдеде қол қойды. Осы Заң қылмыстық заңнаманы оңтайландыру шеңберінде қабылданды.

«Неке және отбасы туралы» Кодекстің 25-бабының 1-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес, мәжбүрлеу арқылы қиылған неке жарамсыз деп танылады. Неке – бұл ерікті одақ, ол тек екі жақтың өзара келісімімен ғана жасалуы тиіс.

Мәжбүрлеу, әсіресе қысым, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық көрсету – бұл адамның негізгі құқықтарын бұзу болып табылады.

Көптеген елдерде мұндай әрекет ауыр қылмыс ретінде қарастырылады, себебі мәжбүрлі некеге оқшаулау, еркіндікті шектеу, зорлық-зомбылық және кейбір жағдайларда құрбандардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерімен қатар жүруі мүмкін.

Бірқатар елдерде мұндай неке адам саудасының бір түрі ретінде танылады.

Соңғы 5 жылда Қазақстанда осындай 257 қылмыстық іс тіркелді, олардың 95%-ы тоқтатылды, - делінген Бас прокуратура жазбасында.

Жаңа заңнамаға сәйкес, қорқыту, бопсалау, күш қолдану немесе басқа да қысым көрсету арқылы некеге мәжбүрлеу үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, ал егер ауыр зардаптар болса – 10 жылға дейін.
 

ҚК-нің 125-бабына өзгерістер енгізіліп, жәбірленушіні ерікті түрде босату жағдайында істі тоқтатуға жол берілмейді. Енді мәжбүрлі некеге тұру мақсатында әйелді ұрлау Қылмыстық кодекстің 125 және 125-1-баптарының жиынтығы бойынша сараланады, - деп мәлімдеді Бас прокуратурадан.