Елордада оңалту орталығында тәрбиешілер ерекше балаларды ұрып-соққан (ВИДЕО)
Ата-аналар бақылау камерасына түсіп қалған тәрбиешілердің балаларды жұлқылаған сәтін әлеуметтік желіге салып жіберген.
Видеодан қала тұрғыны Жаңыл Ағабекова өзінің 3 жасар баласын танып, балабақша үстінен полицияға арызданыпты. Оның сөзінше, жекеменшік оңалту орталығында болған оқиғаны кездейсоқ әлеуметтік желілердің бірінен көріп қалыпты. Оның тілі шықпаған үш жасар ұлы орталыққа төрт ай бойы барыпты. Келіншек соңғы кездері баланың мінезі өзгере бастағанын айтады.
Соңғы кездері балам оңалту орталығына бармаймын деп жылайтынды шығарды. Видеоны көрген соң, директорға «бұл не деген бассыздық?» деп жазып жібердім. Кешірім сұрап жауап қайтарыпты. Мен баламды жұлқылаған тәрбиеші ғана емес, мекеме басшылығы да жазаланса екен, – дейді Жаңыл Ағабекова.
Екі ата-ананың атынан арыз түскеніне қарамастан, орталық әлі де еш кедергісіз жұмысын жалғастыруда. Ал Полиция департаменті арыз бойынша «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеуде міндетін орындамады» деген айыппен іс қозғаған.
Қалалық Білім басқармасы да орталықтың үстінен арызданыпты.
Білім басқармасының жекеменшік ұйымдарды тексеруге құқығы жоқ. Сондықтан болған жайтты тексерсін деп прокуратураға хат жолдадық, – деп мәлімдеді Білім басқармасының мамандары.
Егер тәрбиешінің кінәсі дәлелденсе, оған 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, 40 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.