Осы елді гүлдендіріп, көркейту – біздің барлығымыздың міндетіміз – Бақытжан Ертаев
Оқи отырыңыз: Бақытжан Ертаев референдумда бата берді (ВИДЕО)
Бүгінгі референдумда дауыс беру бәріміздің парызымыз. Кіндік қанымыз тамған қазақ елінің тасы да, суы да, шөбі де біз үшін бәрінен қымбат. Бауыржан Момышұлының «Өз еліңнің құлы болсаң, басқа елге құл болмайсың» деген аталы сөзі бар. Мен де өз елімнің құлымын. Осы елді гүлдендіріп, көркейту – біздің барлығымыздың міндетіміз. Әрине, бәрі кедергісіз, бір жолда дұрыс болып кетуі мүмкін емес. Өмірдің заңдылығы да солай. Біздің халық не көрмеді?! Егемендік алып, еңсемізді көтердік, енді осы елдігімізден айырылып қалмау үшін барлық қазақ жұдырықтай жұмылуы керек. Айғайлағаннан, ұлтшылмын деп ұрандатқаннан ештеңе өнбейді. Отанды, елді жүрекпен сүйіп, іс-әрекетімізбен дәлелдеуіміз керек. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, біз жалғыз Президентке қарап отырсақ, одан ештеңе өнбейді, біз халық болып қауымдасып, ұлт болып ұйысып, Мемлекет басшысының қасынан табылуымыз керек. Еш Президент өз елінің жаман болғанын қаламайды, ол да туып-өскен елінің, өзі басқарған мемлекетінің гүлденіп-көркейгенін қалайды. Сондықтан біз Президенттің бастамаларына қуатты қолдау көрсетуіміз керек, - деді Бақытжан Ертаев.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ